Миллиардтаған теңгеге салынған қоқыс өңдеу зауыттары жұмыс істемейді – депутат

Сенат депутаты Закиржан Кузиев бірнеше қалада қыруар қаржыға салынған қоқыс өңдеу зауыттары бүгінде тоқтап тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутаттың ақпаратына сүйенсек, елімізде жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық пайда болады. Былтыр бүкіл республикада 5,5 мыңнан астам заңсыз полигон бар екені белгілі болды.
Сенатордың айтуынша, қазір қоқыс мәселесімен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар тиісті нәтиже бермей келеді. Қауіпті және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және кәдеге жарату кезінде қолдаланылатын технология нормативке сай емес.

"Дегенмен бұл ретте ауқымды бюджет қаржысы игеріліп жатыр. Қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі Орталық Азиядағы ірі зауыттың Алматыда салынуы бірден-бір маңызды жетістік екені белгілі. Алайда, қазір, өкінішке қарай, ол жабылып қалды. Ақтөбе мен Семейде бес миллиард теңгеге салынған екі жаңа зауыт та тоқтап тұр. Экология министрлігінің қоқысты сұрыптаудағы табыс жөніндегі есебі үміт отын жағады, алайда шындықтың ауылы алыста жатыр", - дейді Кузиев үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, қазір межеленген 18-20% қалдықтың орнына шамамен 5-6% ғана сұрыпталады, қалғаны полигонға жіберіледі.
Депутат мысал ретінде Еуропа елдерінің тәжірибесін атап өтті. Олардың принципі – қалдықтарды азайту, оларды қайта өңдеу және қайта пайдалану. Мәселен Германия 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды көметін полигондардан бас тартуды жоспарлап отыр және оларды қайта өңдеуді ынталандырмақ.
Осыған байланысты сенат депутаттары үкіметке бірнеше ұсыныс тастады:
қайта өңдеуге жатпайтын қаптаманы пайдалануға тыйым салу;
қоқысты ең алғаш жинақтау орындарында қалдықты сұрыптау жүйесін енгізу;
қоқысты уақтылы шығармағаны және рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі үшін айыппұлды ұлғайту;
шетелдік инвесторларды белсенді тарта отырып және әлемдік тәжірибені пайдаланып, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау зауыттарын салу мүмкіндігін қарастыру.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated