Бекеева Айгерим Бахытбекқызы

Салауатты өмір салты - денсаулықты сақтауға, аурулардың алдын-алуға және жалпы адам ағзасын нығайтуға бағытталған адамның саналы түрде таңдаған өмір сүру әдебі.

Адам өмірінің 60 пайызы оның өмір сүру ережесіне тікелей байланысты (тамақтану тәртібі, физикалық белсенділік, зиянды әдеттер және жағымсыз жүріс-тұрыс белгілері).

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы салауатты өмір салтын ұстану ауыр сырқаттар мен мезгілсіз қазаның алдын алуға бағытталған деп дәлелдер келітіріп кеткен. Салауатты өмір салтының негізгі аспектілері: темекіден бас тарту, спиртті ішімдіктерден бас тарту, дене белсенділігі және дұрыс тамақтану.

Германия ғалымдары арнайы зерттеулер жүргізіп келесідей нәтижеге келген. Салауатты өмір салтын 40 жасынан кейін ұстанған адамдардың өмір жасы 13-17 жасқа ұлғайған. Ал АҚШ ғалымдарының мәліметінше 50 жастан кейін салауатты өмір салтына көшкен азаматтардың өмір жасы шамамен 12-14 жасқа ұлғайған. Осы зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, біз салауатты өмір салтына неғұрлым ертерек көшсек, соғұрлым өмір жасымыздың ұлғаятындығына көзіміз жетеді.

Өмір салты және репродуктивті денсаулық

Семіздік, темекі мен алкогольді, кофеині бар газдалған сусындарды тұтыну (бірақ шай, кофе және какао емес) ерлердің потенциясына кері әсерін тигізеді. Жүктілік кезінде алкогольді тұтыну, темекі шегу аурулардың асқыну қаупін және өздігінен түсік түсіру қаупін арттырады, сонымен қатар ана мен баланың ДНҚ-сын зақымдайды.

Темекіден бас тарту

Темекі шегудің салдары - өмір сүру ұзақтығын орта есеппен 10 жылға төмендетеді. Қазақстанда темекі шекпейтіндерге қарағанда табак өнімдерін тұтынатын адамдар арасында өлім қаупі 1,6 есе артқан, ал ерлер арасында шылым шегу салдарынан өлімнің пайыздық мөлшері - 23% құрайды.

Алкогольден бас тарту

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша 200-ден астам түрлі науқастық және травмалық жағдайлардың қоздырғышы - алкогольді қолдану.

Алкогольді тұтыну жоғары өлімнің ғана емес, сонымен қатар аурудың, қылмыстың, жарақаттың, жол-көлік оқиғаларының және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі болып табылады.

Дұрыс тамақтану

Дұрыс тамақтану - жұқпалы емес аурулардың алдын алудың маңызды әдісі және өмір сүру ұзақтығын арттыруға көмектеседі.

Дұрыс тамақтанудың диеталары өлім қаупінің едеуір төмендеуіне әсер етеді. Атап айтсақ, жалпы себептерден қаза табу - 22%-ға, жүрек-тамыр ауруларынан - 22%, қатерлі ісік ауруыларынан - 15% және 2 типті қант диабетінен - 22%-ға төмендейді.

Дене белсенділігі

Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдарда бірқатар ауруларға шалдығу қаупі төмен болады , оның ішінде жүрек аурулары мен қатерлі ісік аурулары.

Зерттеулерге сүйенсек, режимді күнделікті белсенділік (аптасына 2,5 сағаттық спортпен шұғылдану) адамның өмір жасын орта есеппен 19%-ға ұлғайтады.

Адам денсаулығы оның ең басты құндылығы. Жоғарыда көрсетілген мәліметтердің барлығы дерлік толықтай дәлелденген. Өкінішке орай, елімізде жастар арасында зиянды әдеттерге үйір адамдар саны күннен күнге артып келеді. Алматы қаласында 2018 жылы синтетикалық есірткіден жас жігіт қаза тапты. Осының барлығы жастардың еркіндікті асыра сезініп, бірнеше минуттық ләззатқа бола өз өмірін бәйгеге тігу салдарынан болды. Біз, қоғам болып осы мәселемен күресу үшін, жастардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруды қолға алуымыз керек.

Егер ол жастың бойында дофамин, эндорфин сынды бақыт гормонын бөлуге ықпалын тигізетін сүйікті ісі болатын болса, онда ол өзіне рахат сезімін зиянды заттардан іздемейді.

Жастарға эндорфин сыйлайық!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated