Елдің төрі – елордада еліміздің елеулі, еңселі тұлғаларының ескерткіші қойылуы – өткенге құрмет, ұрпаққа – үлгі. Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керей, ғұмыры күреспен ат үстінде өткен Кенесары хан, Алаш арыстары, сұсымен-ақ еліне қорған болған Бауыржан Момышұлы, Рейхстагқа ту тіккен – Рақымжан Қошқарбаев, күй атасы – Құрманғазы, бас ақынымыз – ұлы Абай ескерткіш-мүсіндерінің ғибраты ғаламат. Ал енді ширек ғасырдан бері елдің байтағына айналған Астанада әлі күнге дейін бас жазушы – Мұхтар Әуезовке бір ескерткіш бұйырмауы қалай?
Былтыр қазақтың ұлы жазушысы, Алаш қайраткерлерінің соңғы тұяғы – Мұхтар Әуезовтің дүниеге келгеніне 125 жыл толды. Әлемге әйгілі ұлы тұлғаның туған күні жоғары дәрежеде ұлықталды деп айта алмаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазғаны болмаса, құзырлы органдар тарапынан аса белсенділік байқала қойған жоқ.
Мұхтар Әуезов – әлемдік өркениет биігіне көтеріле білген бірегей талант иесі. Ол әлем өркениетін терең игеріп, оны қазақ топырағына жерсіндірген. Қазақ руханиятының деңгейін көтерген тұлға, қазақтың келмеске кетіп бара жатқан көшпенді өмірі өркениетінің суретін сөзбен салған зергер. Ескінің көзі, жаңаның жаршысы. «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы, шығармалары әлем халықтарының 120-дан астам тіліне аударылған, Кеңес Одағы кезінде ең жоғары дәрежелі сыйлық иеленген жалғыз қазақ жазушысы.
Соңғы жылдары Алаш зиялыларын ардақтау, оларды зерттеу ісі айтарлықтай қарқын алды. Сол қатарда ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлғаларды ұлықтау, олардың еңбектерін ескеріп, атына көше беріп, ескерткішін тұрғызу жұмыстарын да атауға болады. Абай, Ахмет сынды айтулы тұлғаларымыздың мерейтойлық жылына орай ескерткіштері тұрғызылып, аты әспеттеліп жатқаны – соның айғағы. Алайда Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өткенде, ақынды әлемге танытқан айтулы тұлға – Мұхтар Әуезов ескерусіз қалды. Бұрын ірі қалаларда ұлы жазушы атына көше берілгенмен, ел көлемінде ерекше атап өтетіндей керемет ескерткіш тұрғыза алмадық. Ұлы жазушы мерейтойы тұсында да бұл олқылықтың орны толған жоқ. Еліміздің бас қаласы – Астанада да жазушы атына көше берілгені болмаса, мүсіні жоқ. Ендеше Абай есімі ардақталып жатқанда, ұлы ақынды, қазақ халқын әлемге танытқан ұлтымыздың біртуар перзенті, бас жазушы – Мұхтар Әуезовті де ұлықтап, елордада бір еңселі, ерекше ескерткіш тұрғызу керек деп ойлаймыз. Осы мәселені елорданың зиялы қауым өкілдері де көтеріп, өткен жылы «Астана ақшамы» газетінде хат жариялаған болатын. Бұл ескерткіш кеңес дәуірінің тар қапасында қаншама тауқымет тартса да, ұлтын, оның тарихы мен болмысын суреттеуден танбаған ұлы тұлғаға деген құрметіміз болар еді.
Мұхаңның шәкірті, қазақ даласын, қазақ баласын қырғызбен қатар шығармасының алтын арқауына айналдырған ұлы суреткер, өлмес шығармалары әлемнің барша тіліне аударылып, адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Төреқұлұлы «Менің екі ұлы ұлттық қасиетті тұмарым бар. Бұлар – «Манас» пен Мұхтар Әуезов. Бұлар – менің халықтарымның символы» деген еді… Ендеше адамзаттың Айтматовы ғана емес, әлемнің көзі ашық оқырманы ұстаз тұтқан данышпан ойшыл, бірегей ғалым-академик, жазушы – Мұхтар Әуезов ескерткіш болып елордаға оралар деп үміт етейік…
Еркін ҚЫДЫР,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері