1963 жылы "Алтын доптың" иегері атанған Лев Яшин туралы 2014 жылы неміс газеттері қайта жазды. Өйткені ол «Алтын доп» номинациясын алған алғашқы әрі жалғыз қақпашы. Естеріңізде болса, 2014 жылы осындай мүмкіндікті қайталау сәті Әлем чемпионы, «Баварияның» қақпашысы Мануэль Нойерге бұйыра жаздаған еді. Алайда «өзге планеталық» Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың кесірінен амалсыз 3-орынға жайғасты.
1929 жылы дүниеге келген Лев Яшинның балалық шағы Ұлы отан соғысының уақытына тұспа-тұс келді. Мектепті толық аяқтамаған бозбала қорғаныс зауытына жұмысқа жегілді. Ұзақ уақыт бойы станоктың қасында тұратын Лев қалғып кетпеу үшін, әкесі оған темекі шегуді үйретті.
Лев Яшин «үздік қақпашы» ғана емес, ең көп темекі шегушілердің (күніне 80 темекі) қатарында болды.
1947 жылы Лев Яшинді Мәскеудегі әскери-әуе күшіне шақырады. Әскери өмір оның бағын ашты. Лев сол жерде мықты қақпашы ретінде «Динамоның» бас бапкері И.Чернышевтың көзіне түседі. Жазда футбол, қыста ауа-райының қолайсыздығына байланысты хоккей ойнауға мәжбүр болған Яшин қос тараптан да шақырту алады. Осылайша, 1949 жылы әскери борышын аяқтаған Яшинді Чернышев «Динамоның» үшінші қақпашысы ретінде тіркейді.
Лев Яшин «Динамо» сапындағы алғашқы ойынын 1950 жылы «Тракторға» қарсы жолдастық кездесуде өткізді. Ойын барысында Лев Яшин өз қорғаушысымен қақтығысып қалып, қарсыластың бос қақпаға гол салуына себепкер болды.
«Спартак» футбол клубына қарсы өткен кездесудің 75 минутында негізгі қақпашы Хомич жарақат алып, ал екінші қақпашының ауырып қалуына байланысты Лев Яшин амалсыздан алаңға шығады. 80 мың жанкүйердің алдында қатты қобалжыған ол тағы да орынсыз қателікке жол беріп, қолда тұрған жеңісті уыстан шығарып алады.
Содан кейін Лев 1950 жылдың 2 шілдесінде КСРО кубогы аясында Тбилиси қаласынан шыққан «Динамо» клубымен толыққанды кездесуін өткізеді. Алғашқы минуттарда Мәскеудің "Динамосы" 4:1 есебімен қарсылас командадан басым түседі. Алайда Лев Яшин жіберген қателіктерінің кесірінен Тбилисидің «Динамосы" 4:5 есебімен жеңіске жетеді. Осы оқиғадан кейін клуб басшылығы Левті қосалқы құрамға аттандырды.
Футболда жолы болмаған Лев содан кейін мансабын хоккейде жалғастырады. 1953 жылы 2 наурызда хоккейден ел чемпионы атанған соң, ол КСРО-ның негізгі қақпашысына үміткер болады. "Динамо" футбол клубының негізгі қақпашысы Алексей Хомичтің кетуіне байланысты, Лев Яшинге мүмкіндік беріледі. Және де ол сол жылы футболдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізеді. Осылайша, Лев Яшин 1953 жылы бір емес екі спорт түрінен (хоккей мен футбол) үздіктер қатарынан орын алады.
1952 жылы Финляндиядағы Олимпиада турнирінде Югославия мен КСРО Ұлттық құрамасы кездесу өткізеді. Дәл осы кезде Сталин мен Титоның арасындағы кикілжің өршіп тұрған уақыт еді. Футболға қызықпайтын Сталин мен Тито бұл кездесуді бақталастық үшін көреді. Нәтижесінде КСРО 3:1 есебімен қарсыласынан жеңіліп, Сталин Ұлттық құраманы таратып, клубтың бірнеше ойыншыларын ГУЛАГ-қа жіберді.
Сталинның өлімінен кейін 1954 жылы Ұлттық құрама қайта құрылды. Бірақ Әлем чемпионатына қатыса алмады. Лев Яшин үшін құрама сапындағы алғашқы кездесуі Швецияға қарсы өтіп, 7:0 есебімен жеңіспен аяқталды.
Лев Яшинның әлемге танылатын ойыны 1955 жылға тұспа-тұс келеді. Себебі, КСРО 1954 жылғы әлем чемпионы әрі басты жауы ФРГ-мен жолдастық ойын ойнауға келіседі. 21 тамызда 70 мың көрермен алдында өткен кездесуге ФРГ әлем чемпионы атанған 7 ойыншыны негізгі құрамға шығарды. Өйткені НАТО-ға енді кірген ФРГ мен Варшава ұйымын ашқан КСРО үшін бұл жай ғана кездесу емес, идеологиялық күрес еді. Хрущев, ГДР басшысының қатысуымен өткен ойын 3:2 есебімен КСРО-ның пайдасына шешілді. Әлемдік баспасөз беттері Лев Яшинның мықты ойынына, КСРО-ның жылдамдығы, шаршамайтындығына таңғалды. 1956 жылы қос құрама Ганноверде қайта кездесіп, КСРО 2:1 есебімен тағы да ұтады.
- Өз мансабында 151 пенальтиді қайтарған. Пенальти қайтару бойынша әлемнің үздігі.
- 1958 жылы Әлем чемпионатында Пеле бастаған Бразилиядан 2:0-мен ұтылғанына қарамастан, Лев Яшин өз командасын ірі жеңілістен сақтап қалды. Ойын соңында қарсыластың қақпашысы Жилмар өз қолғабын Яшинге мықты ойыны үшін ризалықпен табыстады.
- 1960 жылы Еуропа чемпионатында топ жарған Лев Яшинге «Реалдан» ұсыныс түскен. Бірақ КСРО билігі өз ойыншыларын ол уақытта ешқайда жібермейтін еді. Ол жайында Лев Яшин: «Еуропада футболшылар ақшамен бағаланады. Мен ақшаға сатылмаймын. «Динамо» мені ойыншы әрі тұлға ретінде жетілдірді. Ешқайда кетпеймін», - деп мәлімдеді.
- Журналистер Лев Яшиннен "мықтылығыңыздың сыры неде?" деп сұрағандарға көп темекі шегу арқылы жүйке жүйесін тыныштандырса, көп арақ ішумен бұлшық етті жаттықтандыратынын айтатын.
- Жанкүйерлер Лев Яшинді қара телпегімен біледі. 1960 жылы Франциядағы Еуропа чемпионы атанған КСРО футболшыларын Эйфель мұнарасында марапаттау сәтінде көп адамның бірі оның телпегін шешіп алып кетті.
- 1962 жылы ӘЧ-да Колумбияға қарсы ойында тікелей бұрыштамадан гол жіберді. Бұл бүгінгі күнге дейінгі жалғыз оқиға. Күтпеген жерден ширекфиналда Чилиге есе жіберген КСРО-ны жеңіліске басты кінәлі адам – Лев Яшин деп танылды. Әлемдік ақпараттар оны ойын кезінде арақ ішіп шыққан деген болжам жасаған. Осы әрекетінен соң, КСРО халқы оған жұмыртқа лақтырып, құрамадан кетірді. Алайда ол мықтылығын дәлелдеп, құраманың негізгі қақпашысы ретінде 1963 жылы оралды. 1966, 1970 жылғы ӘЧ-на қатысты.
- Футбол мансабында Яшинның 5 рет миы шайқалып, ойын барысында үш рет мерттіккен.
- Қара киім кигені үшін «қара пантера», «қара өрмекші» және қолы ұзындығына байланысты «сегізаяқ» есімімен танымал. 1963 жылы ел чемпионатының 27 ойынында 6 гол ғана жіберді. «Әлем құрамасы» сапында Англияға қарсы ойында керемет сейвтерімен «Алтын допқа» лайық екендігін мойындатты.
- Лев Яшин 1963 жылғы жолдастық ойында өзіне тиесілі қақпашы формасын бірінші рет өзімен алып кетті. Ал «Динамо» клубында ол әр маусым біткен сайын формасын өткізуге міндетті еді.
- 1966 жылғы ӘЧ КСРО үшін өте сәтті аяқталды. Жартылай финалда ФРГ-ге 1:2-мен ұтылса да, неміс баспасөздері Лев Яшин болмағанда ойын тағдырын І кезеңде-ақ шешіп тастаушы едік деп жазған.
Лев Яшин 1990 жылы 60 жасында рак ауруынан қаза тапты. Бүгінде ең үздік қақпашының құрметіне Ресейдің басты «Лужники» мен «Динамо» стадиондарының алдына арнайы ескерткіш орнатылған.
Қанат Байұзақов