13 қыркүйек күні Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы Жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ұлтымыздың Ұлы ұстазы» атты конференция өтті.
Конференцияға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Сеитов Рашид Қызырбекұлы қатысып, сөз сөйледі.
«Кез келген ұлттың жаны ол оның тілі мен әдебиеті. Сол жанын сақтап қалуға аянбай еңбек еткен Ахмет Байтұрсынұлы бүгінгі немесе кешегінің ғана емес мәңгіліктің тұлғасы, оның «Оқу құралы» қазақ жазуының тұңғыш әліппелерінің бірі. Ал «Тіл - құралы» қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Сондықтан да қазіргі өскелең ұрпақ, біздің болашақ педагогтарымыз Ахаңның еңбектеріне қарап бой түзеп, нағыз педагогиканың бастауын сол жерден үйренуі керек деп білемін»,- деп атап өтті өз сөзінде Рашид Қызырбекұлы.
Сонымен қатар, ол Ахмет Байтұрсынұлының бізге қалдырған рухани байлығы еліміздің Рухани жаңғыруына өз үлесін қосып жатқанын да атап өтті.
Конференция соңында ғалымның өмір жолы мен шығармашылығы туралы жас ғалымдар, журналистика және филология магистранттары мен докторанттары арасында өткен қалалық «Ахмет аманаты» атты үздік ғылыми мақала байқауының қорытындысы жарияланып, «Үздік мақалалар жинағының» таныстырылымы өтті.