Байғанин ауданының Дияр ауылынан 70 шақырым қашықтықта құрғақ шөп өртенді. Өрт сөндіру жұмысы 2 маусым күні түнде басталып, бүгін аяқталды. Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт Миялы ауылдық округі Дияр ауылынан 70 шақырым қашықтықта тұтанған. Отқа оранған құрғақ шөпті сөндіруге өрт сөндірушілер және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері барған. Сайланғанына екі-ақ күн болған Миялы ауылдық округінің әкімі Исатай Мәнібаевтің айтуынша, өрт 2 маусым күні түнде тіркелген.
- Едірей жерінен жанып келген өрт 2 маусым күні түнде басталды. Қалай өртенгенін ешкім де білмейді. Дияр ауылына жақындаған жерден тұрғындар, қожалық жұмысшылары, өртке қарсы бекет қызметкерлері шығып, сөндірді. Ауылға жеткізбеді. Қалған өрт жел ауған кезде Жаңажол ауылдық округіне ауысып кетті. Сондықтан біз, Жаңажол ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері кешеден бері сонда жүріп, жаңа келіп жатырмыз. Әлі де әр жерінде жанып жатқан жерлер бар. Ол жерлерді адамдар бақылап, сөндіріп жүр. Малға, жанға қауіп жоқ. Өрт ауылдан 70 шақырым қашықтықта тіркелді,- деді Миялы ауылдық округінің әкімі Исатай Мәнібаев.
Оның айтуынша, биыл шөп қалың шыққанымен қураған.
- Дияр ауылынан үш трактор, 1 Урал көлігі барды. Сонымен бірге Оймауыттан жер жыртатын машина және бірнеше УАЗ көлігі барды. Бәріміз жабылып сөндіріп жатырмыз. Адамдар артын қарап тұр. Тұтанып кетуі мүмкін,- деді Исатай Мәнібаев.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысындағы таулы аймақта орман өрті орын алды. Жамбыл облысы ТЖД мәліметінше, 2024 жылдың 4 маусымында сағат 16:20 шамасында "Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі" КММ Сарықоба орманшылығының аумағында құрғақ шөптер мен бұталардың өртенуі орын алды, ауданы шамамен 1650 гектар.
"Барлығы 244 адам және 50 бірлік техника тартылды, оның ішінде: жергілікті жерде орман шаруашылығы қызметкерлері 100 адам және 13 трактор, 2 автоцистерна, сондай-ақ 12 жеңіл автомобиль жұмыс істейді, күндізгі уақытта 1 тікұшақ және Қазавиаақорғаудың 6 қызметкері тартылды",- деп толықтырды Жамбыл облысы ТЖД.