«Әл-Наср» футбол клубы мен Португалия құрамасының ойыншысы Криштиану Роналду Сауд Арабиясы чемпионатының үздік сұрмергені ретінде «Алтын бутсыға» ие болды, деп хабарлады Aqnews.kz «Әл-Насрдың» X желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап.
Роналду 2023/24 жылғы маусымда 35 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді. Сондай-ақ гол саны бойынша Сауд Арабия чемпионатында рекорд орнатып, төрт түрлі елдің жоғарғы лигасында үздік сұрмерген атанған тарихтағы алғашқы футболшы болды.
Мен төрт елдегі алғашқы үздік cұрмерген ретінде тарихқа енгенімді мақтан тұтамын. Осы жолда маған көмектескен барлық клубтарға, командаластарыма және қызметкерлерге үлкен рақмет!, - деп жазды Роналду Instagram желісіндегі парақшасында.
39 жастағы футболшы «Әл-Наср» сапында 2023 жылдан бері ойнап келеді. Оның командасы осы маусымда Сауд Арабиясы чемпионатын екінші орынмен аяқтады. Бұл турнирде «Әл-Хиляль» футбол клубы 94 ұпаймен көш бастап, жеңімпаз атанды.