Костенко шахтасынан 46-шы кеншінің денесі табылды

Кеше кешке тау-кен құтқарушылары жуырда апат болған Костенко атындағы шахтадан 46-шы кеншінің денесін тапты. Оны шамның батареясындағы жеке нөмірі арқылы таныды, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.

Кеше кешке Костенко шахтасында тау-кен тазарту кеншісі Прокудин Александр Валерьевичтің денесі табылды. Ол қаза болған 46 шахтерлердің бірі болды. Бұған дейін ТЖМ оның денесінің бір бөлігі табылғанын хабарлаған болатын. Алайда сараптама қажет болды. Сондықтан 46-шы кенші туралы ресми түрде еш хабар болған жоқ.

"6 қараша күні сағат 20:00-де Костенко атындағы шахтадан қаза тапқан 46-шы шахтердің денесі табылып, жер бетіне көтерілді. Қажетті сараптамалар жүргізілді. Іздестіру жұмыстарына "Кәсіби әскери авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді",-деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шахтаның қызметкерлері хабарлағандай, соңғы қаза тапқан кеншіні шамның батареясындағы жеке нөмірінен таныған.

"Іздеу жұмыстары қиын жағдайда жүргізілді. Денені алып шығу өте қиын болды. Оның кеудесінде жеке нөмірі жазылған шамның батареясы болды. Қазір криминалистер жұмыс істеуде. Сараптама жүріп жатыр", - деді Костенко атындағы шахтаның үңгілеу жөніндегі бас инженердің орынбасары Владимир Гоноченко.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated