Елордада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астананың №1 индустриалды паркінің жетекші кәсіпорындарының бірі – Kazakhstan Paramount Engineering (KPE) компаниясына арналған арнайы іс-шара өтті. Шара ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында ұйымдастырылды.
Жұмысшы мамандықтар жылының негізгі мақсаты – өндіріс саласындағы инженерлер, дәнекерлеушілер, құрастырушылар және өзге де мамандардың еңбегін кеңінен дәріптеу. Осы ретте KPE кәсіпорны бұл бастаманың айқын үлгісі ретінде танылды. Кәсіпорын дөңгелекті бронетехника шығарып, әскери техниканы жинау, қызмет көрсету және жаңғырту жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Барлық өндірістік үдерістер кәсіби жұмысшы мамандық иелерінің шеберлігіне сүйенеді.
Іс-шара барысында Жұмысшы мамандықтар жылы инженерлер мен өндіріс қызметкерлерінің рөлі ерекше аталып өтті. KPE он жыл ішінде тұрақты өндіріс құрып, күрделі техникалық өнімдермен жұмыс істей алатын жоғары білікті мамандар даярлағаны айтылды.
Қонақтар назарына кәсіпорынның түрлі модификациядағы бронетехника үлгілері, әскери бөлімшелерде қолданылатын әзірлемелер мен өндіріс нәтижелері ұсынылды.
KPE-нің он жылдық мерейтойы Жұмысшы мамандықтар жылының мәнін айшықтап, өндіріс саласына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегіне құрмет білдірудің маңызды платформасына айналды.