Астанада «Заң және тәртіп» бағыты аясында жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға арналған ақпараттық дәріс ұйымдастырылды.
Іс-шара «Жауапты азаматтық – тәртіпті қоғам» тақырыбында өтіп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Іс-шараның ашылуында Астана қаласының №98 мектеп-лицейінің директоры Оспанова Гүлнұр Әбдісалыққызы сөз сөйлеп, жиналғандарды қонақтармен таныстырды. Атап айтқанда, дәріске Астана қаласы «Сарайшық» ауданы әкімдігі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Қаппаров Дарын Құралұлы, сондай-ақ дәріс беруші – Астана қаласының адвокаты, «Жасыл желкен» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сыздыков Рауан Батырбекұлы арнайы шақырылды.
Дәріс барысында нашақорлықтың жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға төндіретін қауіпті екені айтылды. Есірткі заттарының адам денсаулығына орны толмас зиян келтіретіні, қылмыстың өсуіне себеп болатыны және отбасы мен болашаққа қауіп төндіретіні атап өтілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есірткі заттарын сақтау, тарату және пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны түсіндірілді. Бұл құқық бұзушылықтар үшін айыппұл салудан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза түрлері қарастырылған.
Шара барысында жастарға заңды сақтау, зиянды әдеттерден аулақ болу және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы жеткізілді. «Таза өмір – табысты болашақтың кепілі» қағидаты дәрістің негізгі мазмұнына айналды.
Шара соңында қатысушылар дәріс берушіге сұрақтар қойып, пікір алмасты. Лекция дискуссия форматында өтіп, жастардың белсенділігімен ерекшеленді.