Вице-президент лауазымы: Конституцияға қандай өзгерістер енгізу көзделуде
25.01.2026 21:29

Вице-президент лауазымы: Конституцияға қандай өзгерістер енгізу көзделуде

Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Мемлекет басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, вице-президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.

Вице-президентті қызметінен Президент босататын болады.

Вице-президент:

  • Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;
  • Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.

"Сонымен қатар вице-президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады".Ержан Жиенбаев

Вице-президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады.

"Вице-президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады. Конституция деңгейінде вице-президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет. Вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде вице-президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді".Ержан Жиенбаев

Тегтер: #Астана, #вице-президент, #Қазақстан


Бізге жазылыңыз