Ирандағы шиеленіс: мұнай бағасы барреліне 100 долларға жақындады
09.03.2026 20:00

Ирандағы шиеленіс: мұнай бағасы барреліне 100 долларға жақындады

Таяу Шығыстағы ірі мұнай өндіруші елдердің өндірісті қысқартуы және Парсы шығанағындағы жеткізілімдердің бөгелуі салдарынан мұнай бағасы кейінгі төрт жылда алғаш рет барреліне 100 долларға жуықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

lenta.ru сайтының жазуынша, бұл жағдайға АҚШ пен Израильдің Иранмен арадағы шиеленісі себеп болып отыр. Басылым бұл туралы The Financial Times (FT) дерегіне сілтеме жасап хабарлаған.

Америкалық және ирандық билік өкілдері Ормуз бұғазында кемелерге жасалған шабуылдар туралы бірнеше рет мәлімдеді. Бұл бұғаз әлемдік мұнай жеткізіліміндегі негізгі бағыттардың бірі болып есептеледі. Соның салдарынан мұнай мен сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын кемелер үшін қауіп күшейді.

Сауд Арабиясы, БАӘ, Ирак және Кувейт мұнай өндіруді қысқартуға немесе кейбір кен орындарын уақытша жабуға дайын екенін мәлімдеді. Себебі экспортқа бағытталған мұнайдың Парсы шығанағында жиналып қалуынан қоймалар толып кетуі мүмкін деген қауіп бар.

 

Егер мұнай кен орындары мен энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдар жалғаса берсе, бұл әлемдік энергетикалық ресурстар бағасының күрт өсуіне алып келуі мүмкін.

Өткен аптада америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай бағасы тарихтағы ең ірі апталық өсімді көрсетіп, барреліне 90,90 долларға дейін көтерілді (+36%).

Ал халықаралық эталон саналатын Brent маркалы мұнай бағасы 92,69 долларға жетті. Айта кетейік, биылғы қаңтар айының басында ол барреліне шамамен 60 доллар деңгейінде саудаланған еді.

Тегтер: #Ирандағы шиеленіс, #мұнай бағасы


Бізге жазылыңыз