Елордалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі Бішкек қаласында өткен аспаптық өнер бойынша VIII халықаралық шығармашылық байқауында бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Өнер ұжымы байқау сахнасында Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін асқан шеберлікпен орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шабытпен орындалған шығарма ансамбльдің жоғары кәсіби деңгейін айқын көрсетті.
Бүгінде «Асыл мұра» ансамблінің құрамында 30-дан астам өнерлі зейнеткер бар. Ұжымға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, күйші Батыр Теміралиев жетекшілік етеді. Ансамбль мүшелері аптасына екі рет Есіл ауданына қарасты әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде бас қосып, дайындық жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
«Қырғызстанда өте тартысты байқау өтті. Домбырашылар мен қобызшылар, жеке орындаушылар көп болды. Шығармашылық шашу ретінде «Жылқышы» әнін орындадық. Ансамбль құрамында кәсіби музыканттар бар. Олар бұрын Құрманғазы атындағы оркестрде өнер көрсетіп, зейнетке шыққаннан кейін де шығармашылықтарын жалғастырып жүр. Бұған дейін Ташкент, Тараз, Түркістан және Көкшетау қалаларында өткен байқауларда жүлдегер атандық», – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Аманкүл Тоқбергенова.
Айта кетейік, «Асыл мұра» домбырашылар ансамблінің құрылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Аға буын өкілдерінен құралған ұжымы репертуарының әр алуандығымен ерекшеленіп, ұлттық өнерді насихаттауға зор үлес қосып келеді.
Тегтер: #Қазақстан, #Қырғызстан, #домбырашы әжелер