Елордада Жаңару күнін мерекелеу аясында мектеп оқушыларына арналған VR технологияларын қолдана отырып, кәсіптік бағдар беру іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қатысушылар интерактивті цифрлық ортаға еніп, түрлі мамандықтарды «сынап көруге» мүмкіндік алды. VR форматы арқылы олар тәжірибелік дағдыларға ие болып, әртүрлі кәсіби бағыттарды өз көзімен көрді.
Білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу – саналы, цифрлық сауатты және заманауи әлемнің талаптарына дайын жаңа буынды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Мұндай формат оқушылардың көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жеке қызығушылықтары мен тәжірибесіне сүйене отырып, болашақ мамандығын таңдауға алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді.
«VR тек ойын үшін ғана емес, ол білім беру саласында да кеңінен қолданылады. Біз соңғы екі жылдан бері тәжірибемізде 3D модельдеу мен жасанды интеллект элементтерін пайдаланып келеміз.
Мұндай технологиялар оқушыларға материалды тереңірек түсінуге және практикалық дағдыларды дамытуға көмектеседі.
Мысалы, VR арқылы ғимараттар мен түрлі нысандардың үлгілерін жасап, жобалармен жұмыс істеуге болады – бұл қолмен сурет салудан әлдеқайда тиімді. Бұл – география, сәулет, STEM пәндері мен робототехника сияқты түрлі салаларда қолдануға болатын әмбебап құрал. Ол балаларға тек теорияны меңгеріп қана қоймай, әртүрлі бағытта өздерін сынап көруге мүмкіндік береді. Сондықтан VR технологиялары оқушылардың болашақ мамандық таңдауға саналы түрде келуіне ықпал етеді», – деді №59 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Айжан Орынбаева.
Іс-шараның дәл Жаңару күні өткізілуінің де мәні зор. Бұл күн адам капиталын дамыту, жастардың әлеуетін ашу және ел болашағына инвестиция салу идеясын білдіреді.
Өскелең ұрпақтың білім мен технологияға деген қызығушылығын қалыптастыру арқылы қоғам тұрақты әрі дамудың берік негізін қалайды.