Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды
16.01.2026 22:49

Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды

Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасының бас бапкері болып Рикардо Камара Собрал (Какау) тағайындалды, деп хабарлайды Tengri Sport.

Қазақстан футзал федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, 54 жастағы бразилиялық маман отандық жанкүйерлерге жақсы таныс: ол бұған дейін 2013–2018 жылдар аралығында Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасын жаттықтырған.

Оның жетекшілігімен ұлттық құрама тарихи жетістікке жетіп, 2016 жылғы Еуропа чемпионатында қола медаль жеңіп алды.

«Какау клубтық деңгейде алматылық “Қайратта” табысты еңбек етті. 2013 және 2015 жылдары футзалдан УЕФА Кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар, Қазақстан чемпионаты мен Кубогын бірнеше мәрте ұтты», – деп мәлімдеді федерация өкілдері.

Сондай-ақ, Какаудың кейінірек италиялық «Наполи», румыниялық «Юнайтед Галати» клубтарын, сондай-ақ Кувейт, Ирак және Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық құрамаларын жаттықтырғаны атап өтілді.

Бұған дейін футзалдан Чемпиондар лигасының 1/4 финалына екі қазақстандық команда шықты: «Қайрат» бельгиялық «Спортинг Андерлехтті» жеңсе, «Семей» польшалық «Пястпен» болған қарсыласуда таразы басын өз пайдасына аударды.

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің шешуші сатысы алдында «Қайрат» құрамын Аргентинадан келген жаңа қақпашы Кевин Ариеттамен күшейтуді ұйғарды.

Тегтер: #Астана, #спорт


Бізге жазылыңыз