Қазақстанның Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында және Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын су электр станцияларын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазіргі уақытта аталған үш жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде, деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, тағы бес нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде үш жоба жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылады.
Бұл жұмыстар былтыр қыркүйек айында қабылданған "Қазсушар" РМК-ның гидротехникалық құрылысжайларында шағын СЭС дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жүргізілуде. Қазіргі таңда шағын СЭС орнатуға жарамды 29 нысан іріктеліп алынған.
"Жол картасын іске асыру нәтижесінде "Қазсушар" РМК-ның гидротехникалық нысандарында жыл сайын өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемі 30 МВт-қа жетеді. Қазіргі уақытта кәсіпорын теңгерімінде үш шағын СЭС бар. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабында, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында және Қорғас өзеніндегі "Достық" гидроторабында орналасқан", – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Президенттің "Таза Қазақстан" бастамасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның барлық аумағындағы бұлақ көздерін тазартуға бағытталған "Мөлдір бұлақ" экологиялық акциясын іске қосты.
Тегтер: #Қазақстан, #су қоймасы, #электр станциялары