Қырғыз Республикасының Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрі Қанат Сағынбаевтың жетекшілігімен келген делегация Астананың Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөліміне арнайы сапармен барды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қонақтарды қарсы алу рәсімі орталықтың жұмысымен таныстырудан басталды. Экскурсияны Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Жолаушыұлы жүргізіп, мекеменің негізгі қызмет бағыттары мен жетістіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Сапар барысында делегация мүшелері «Тамға» ансамблінің дайындық кабинетін аралап, шығармашылық ұжымның жұмысымен танысты. Ал «Асыл мұра» ансамблі қонақтарды ұлттық дәстүрге сай қарсы алып, шашу шашу рәсімін көрсетті.
Экскурсия аясында қонақтар би үйірмесіне қатысып, өнерпаздардың өнерін тамашалады. Сонымен қатар, Айкүне жаттығулары таныстырылып, оның денсаулыққа пайдасы туралы ақпарат берілді.
Медициналық кабинет, массаж және физиологиялық релаксация қызметтері көрсетілетін реабилитациялық бөлме делегация өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұдан бөлек, орталықтағы білім беру бағыттары да назардан тыс қалмады. Қонақтарға ағылшын тілі сабақтары мен тоғызқұмалақ ойыны таныстырылды.
Іс-шара соңында орталық ұжымы делегация мүшелеріне сый-сияпат жасап, естелік суретке түсті.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мен Қанат Сағынбаев бастаған қырғыз делегациясының мүшелері бұл сапар аға буын өкілдеріне көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді дамыту бағытында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретіндігін баса айтты.
Тегтер: #Астана, #Қырғыз Республикасының делегациясы, #белсенді ұзақ өмір сүру орталығы