«Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні – 23 наурыз Тазару күніне арналды. Осыған орай Астанада «Өзіңнен баста» челленджі бастау алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Атап айтқанда, қалада еріктілердің қатысуымен жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың аулаларын қар мен қоқыстан тазартуға арналған қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында аулаларды қар мен қоқыстан тазарту жұмысы жүргізіледі. Бұл – жаңа жылды жаңа мақсатта қарсы алудың символы.
Іс-шаралар қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға, тұрғындарды табиғатты аялауға ынталандыруға және тұрғылықты жердің тазалығына жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Таңертең Астанада «Табиғат – адамзаттың алтын бесігі» атты экоакция басталады.
Айта кетейік, Астанада Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді: қала бойынша ұлттық тағамдар жәрмеңкелері, концерттер, түрлі іс-шаралар, спорт жарыстары мен заманауи интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Мереке дәстүр мен жаңа технологияларды ұштастырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше әсерлі атмосфера қалыптастырды.
Тегтер: #Астана, #Наурызнама