Астанада «Таза Қазақстан»: спортшылар экологиялық акцияға атсалысты
11.04.2026 15:04

Астанада «Таза Қазақстан»: спортшылар экологиялық акцияға атсалысты

Астанада «Таза Қазақстан – жауапкершілік белесі» айлығы аясында 100-ге жуық спорт саласының өкілі экологиялық акцияға қатысты. Іс-шараға танымал спортшылар, жаттықтырушылар және қалалық спорт басқармасының қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Олар Президенттік парк жағалауында тазалық жүргізді. Акцияның мақсаты – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Сенбілікке джиу-джитсу және грэпплингтен әлем, Азия чемпионы Нұржан Батырбеков, ММА-дан Қазақстан чемпионы Нұрлан Қарабалин, грек-рим күресінен Азия чемпионы (U23) Мерей Мәулітханов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Айтбеков, шорт-тректен Азия ойындарының чемпионы Айбек Нәсен, сондай-ақ Санжар Жанысов секілді спортшылар қатысты.

«Мұндай экологиялық акцияларға қатысу – азаматтық парызымыз. Спортшы тек жарыста емес, өмірде де үлгі болуы керек. Елордамыздың таза, жайлы әрі заманауи болғанын қалаймыз және оған өз үлесімізді қосуға дайынбыз», – деді Нұрлан Қарабалин.

Қатысушылар мұндай бастамалар экологияны жақсартумен қатар, жастар арасында жауапкершілік пен бірлік мәдениетін қалыптастыратынын атап өтті.

«Спорт – тек медаль мен жарыс емес, ол тәртіп пен жауапкершілік. Осындай шараларға қатысу арқылы жастарға үлгі көрсетеміз және қаланың таза болашағына үлес қосамыз. Мұндай бастамалар дәстүрге айналуы керек», – деді Айбек Нәсен.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаҚала @TazaQazaqstan

Тегтер: #Астана, #Таза Қазақстан, #спортшылар, #экологиялық акция


Бізге жазылыңыз