Астанада Көктал елді мекенінде Көрісу күні кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік шараға аудан тұрғындары, ақсақалдар мен жастар жиналып, бір-бірімен қауышып, ақжарма тілектерін білдірді.
Іс-шара барысында ақ жаулықты аналар ұлттық тағамдар әзірлеп, тұрғындарға бауырсақ пен дәстүрлі дәмдер ұсынды. Мерекелік сахнада халық әндері шырқалып, қазақтың ұлттық билері орындалып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ «Koktal Junior Hall» өнерпаздары сахнаға шығып, ән айтып, би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ақсақалдар жастарға ақ батасын беріп, ел амандығы мен халық бірлігін тіледі.
«Көрісу күні – халқымыздың ежелден келе жатқан, адамдардың бір-біріне деген құрметі мен ізгілігін көрсететін маңызды дәстүр. Осындай мерекелер ұрпақтар сабақтастығын нығайтады», – деп атап өтті шараға қатысқан қариялардың бірі.
Мерекелік кездесулер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көршілік қарым-қатынасты нығайтуға, қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты арттыруға ықпал етеді. Көрісу күні – халқымыздың татулығы мен рухани тұтастығын айшықтайтын тағылымды дәстүр болып қала береді.
Еске сала кетейік, Наурыз мейрамы Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес 14 наурыздан басталып, 10 күн бойы атап өтіледі. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған.
Тегтер: #Астана, #Көрісу күні