Астанада Damu Mall сауда орталығында Көрісу күні – Амал мерекесіне арналған «Амал – ырыс пен береке бастауы» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік шара Сарайшық ауданының тұрғындары мен қала қонақтарына арналып ұйымдастырылды. Ұлттық дәстүрді насихаттауға бағытталған бағдарлама барысында ақсақалдар мен әжелер ақ батасын беріп, көрісу дәстүрінің мән-маңызы дәріптелді.
Іс-шарада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерлі ата-әжелері ән шырқап, тағылымды көрініс көрсетті.
Көріністі тамашалауға жиналған балаларға сый-сияпат таратылды. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, келушілерге ұлттық өнердің әсем үлгілері ұсынылды.
«Бүгін – Наурызнаманың бастауы саналатын Көрісу күні. Осы бір Амал мерекесінде біздің Орталықтың зейнеткерлері де шет қалмай, белсенділік танытып, ән мен күйден шашу шашты. Зияткерлер клубының ата-әжелері тамаша көрініс көрсетіп, ал «Тұмар» ансамблінің өнерпаздары мерекенің сәнін кіргізді», – деп барша жиналған қауымды Амал мерекесімен құттықтады Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров.
Сол сияқты «Тұмар» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Өз елім», «Қалқатайдың дауысы-ай», «Тобылғы сай», «Қоғалы-ай» әндері сауда орталығына келген қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін баурап алды.
Тегтер: #Астана, #Көрісу күні