Астанада Халықаралық әйелдер күніне орай ұстаздарға арнап мерекелік кеш ұйымдастырылды
07.03.2026 20:49

Астанада Халықаралық әйелдер күніне орай ұстаздарға арнап мерекелік кеш ұйымдастырылды

Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Таным» оқушылар шығармашылық сарайында ұстаздарға арналған «Әйел бақыты – әлем бақыты» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның басты мақсаты – білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды құрметтеу, олардың қоғамдағы рөлін айқындау және көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлау.

Мерекелік кешті Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев құттықтау сөзбен ашты.
«Сіздердің білім жолында жасап жүрген еңбектеріңіз орасан зор. Жауапкершілігі үлкен жұмысты абыроймен атқарып жүргендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын.

Таңнан кешке дейін талмай еңбек ететін сіздер уақыт жетіспейтін кездерге қарамастан отбасыларыңызды назардан тыс қалдырмаған жансыздар. Осы орайда сіздерге және отбасыларыңызға бақыт тілеймін, жақын жандарыңыз аман болсын, көктемнің шуақты күніндей көңілдеріңіз әрқашан шуақты болсын», – деді Қасымхан Сенғазыев.

Жиын барысында бірқатар ұстаз «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Білім басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрайымы Майра Құрманбаева ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың еңбегі бағаланғанына қуанатынын жеткізді.

«Бүгін ұстаздарымыз лайықты марапаттарына ие болып жатыр. Өзім «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болдым. Яғни, менің көп жылғы еңбегім бағаланып, марапатымды алдым. Өте қуаныштымын.

Қазіргі таңда білім саласындағы басшылықта болсын, ұстаздықта болсын көп әйел адам жұмыс істейді.

Бұл ретте барлық ұстаз әйелдер қауымын мерекемен құттықтай отырып, оларға әйел бақытын, отбасы шаттығын тілеймін», – деді Майра Құрманбаева.

 Мерекелік кеш барысында қазақ әншілері Зарина Омарова, Есенжан Ерболатұлы, «Дәстүр» тобы, Нұрболат Сейітмұратов, Оралхан Алтынбек, Әлішер Қарабай, Ернұр Сұлтан, Елемес Ерболаттар ән шырқады. Шара соңында №38, 112, 43 мектеп директорлары мен білім беру ұйымдарының азаматтары «Ана туралы» жырды хормен айтты.

Тегтер: #Астана, #8 наурыз


Бізге жазылыңыз