Бүгін, 12 желтоқсан күні елорда төрінде «медициналық-санитариялық алғашқы көмек көшбасшысы» конкурсының шеңберінде жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды Aqnews.kz
Төрт ай ішінде Астананың 42 алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) ұйымы кәсібилігін, жұмыс тиімділігін және пациенттерге қызмет көрсетуді жақсартуға деген ұмтылысын көрсете отырып, бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша бақ сынасты.
«Жеңімпаздар МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар санын азайту, БАҚ және әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының белсенділігі, пациенттерді қолдау қызметі мен ішкі бақылау жұмысы туралы ақпараттық материалдар мен түсіндірмелер саны, шағымдардың саны, диспансерлік есепте тұрған пациенттердің тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларға шұғыл жатқызылған жағдайларының саны секілді критерийге сүйеніп анықталды», - деді Астана қаласы филиалының директоры Гүлжан Шайхыбекова.
Жүргізілген жан-жақты бағалау нәтижесінде барлық бағыт бойынша ең жақсы нәтиже көрсеткен ұйымдар анықталды.
«АМСК көшбасшысы» байқауының жеңімпаздары:
1 орын. Астана қаласы әкімдігінің «№4 қалалық емхана» ШЖҚ ГКП;
2 орын. «Шипагер отбасылық денсаулық орталығы» ЖШС;
3 орын. Астана қаласы әкімдігінің «№7 қалалық емхана» ШЖҚ ГКП.
Жеңімпаздарға алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға қосқан елеулі үлестері үшін марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.
Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысына белсенді қатысқаны үшін «Республикалық алғашқы медициналық-санитариялық қызмет көрсету орталығы» ШЖҚ РМК арнайы дипломмен марапатталды.
Ұйымдастырушылар байқаудың табысты өтуін дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, жүргізушілер және барлық медициналық ұйымдар ұжымының үйлесімді әрі күнделікті еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Тегтер: #Астана
Followers
Subscribers