Астанада 22-24 сәуір күндері өңірлік экологиялық саммит өтеді. Бұл – мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің басын қосатын ауқымды халықаралық іс-шара. Онда өңірдегі өзекті экологиялық мәселелер талқыланады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымы және қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Саммиттің бағдарламасы бекітіліп, сегіз басым бағытты қамтиды. Олардың қатарында климаттық тәуекелдерге бейімделу, ауаның ластануымен күрес, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және экологиялық құзыреттерді дамыту мәселелері бар. Сондай-ақ климаттық трансформация, азық-түлік қауіпсіздігі және өңір елдерінің дамуы тақырыптарына ерекше назар аударылады.
Бағдарламаның жеке бөлігі өңірлік ынтымақтастыққа арналады. Атап айтқанда, Орталық Азия елдері мен серіктес мемлекеттердің экология, су ресурстары, энергетика және денсаулық сақтау министрлерінің кездесулері өтеді. Сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да халықаралық алаңдар аясында тақырыптық диалогтар ұйымдастырылады.
Іскерлік бағдарламамен қатар EXPO халықаралық көрме орталығы алаңында «жасыл» технологиялардың халықаралық көрмесі өтеді.
Оған 30-дан астам елден 300-ге жуық компания қатысады.
Орталық Азия елдері мен Әзербайжан өз ұлттық павильондарын ұсынады.
Саммит экология және тұрақты даму саласындағы ортақ шешімдерді әзірлеуге арналған негізгі алаңдардың біріне айналып, қазіргі климаттық сын-қатерлерге жауап ретінде өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтады деп күтіліп отыр.
Тегтер: #Астана, #халықаралық экологиялық диалог