Мәмбетова Ұлжалғас Күнтуғанқызы

2018 жыл. Тамыз. Алматы. Сағат 08:25.

Жәнібекті тәтті ұйқыдан «гүрс-гүрс» еткен соққы даусы оятты. Таң атпай ағасы Серік қолғаппен «грушаны» соққылап жатыр екен. «Түй, тағы да осы бір түкке тұрмас бокс үшін адамды ояттың ба» дегендей ренжіген қалпы, басын жастықтың астына тыққан қалпы ары ұйықтамақ болды. Түк шықпады. Өйткені соққы даусын музыка алмастырды. Серік енді жүгіру жолағында жаттығып жатыр. «Қап» деп тістенген қалпы Жәнібек атып тұрды. Есікті ренжігенін білдіру мақсатында қатты серпе жапты да, жуынуға кетті.

Он минут жуынып, бес минут тісін ысқылады. Мысықша керілді де, таңғы ас ішуге кірісті. Ағасы Серік күріш ботқасын жеп, сүт ішіп отыр. Ал Жәнібек тәттіден аузы босар емес.

«Жәнібек, күріш ботқасын же. Тәтті тамақ бола ма?» деген анасының бір ауыз сөзінен кейін өзін қинап, екі қасық жеуге тырысты, бірақ батпады.

Серіктің бөлмесі адамды спортқа шақыратын мотивацияға толы еді. Қабырғасында «Мен мың түрлі соққыны зерттеген жаннан емес, бір соққыны мың рет зерттеген жан қорқамын» деген Брюс Лидің сөзі мен суреті, «900 мәрте құладым, 901 мәртеде чемпион болдым» деген Майкл Джорданның қанатты сөзі, Бекзат Саттархановтың суреті ілініп тұр. Бұлшық етті жаттықтыратын сан түрлі құралдар, әлсізді күшті ететін кір тасы, баяуды жылдам етіп, өкпеңе толған қаланың газды ауасын қуып шығатын жүгіру жолағы, соққыңды таудай ауыр ететін қолғап пен ел арасында «груша» атанған соққылау жабдығы бар. Бұл Серіктің сенімді серіктері. Олармен таң атады, түс ауып, кеш батады. Әр темірмен бір дайындалып, өзінің денсаулығын темірдей етсем дейді. Інісіне де талай айтқан, бірақ көндіре алмады. Оның өз әлемі, өз темірлері бар.

Жәнібектің бөлмесінде де өз әлеміне тән қызықтың түр-түрі тұр. Анау бұрышта жасыл түсі жымыңдап роутер тұр. Роутер интернет үшін ауадай қажет. Ал интернет Жәнібекке ауадан да қажеттірек. Өйткені ол оның көмегімен «спортпен» айналысады. Компьютерін қосып, футбол ойнайды, атыс-шабыс өткізіп, қуанып қалады. Жәнібектің бөлмесінен спортпен айналысқан дауыстар шықпаса да, гоооол деген ащы дауыс пен «ат, ат» деген ашулы үн оқтын-оқтын шығып қояды. Жәнібектің спорты осы. Киберспорт. Күні-түні ойнайтын қызығы, досы және сырласы компьютері, дәрумендері компьютерлік ойындар.

Уақыт осылайша жылжи берді. Серік спортпен айналысты, Жәнібек ойын ойнады. Ағасы шынығуға шақырды, інісі ол ұсыныстан бас тартумен болды.

Күндер өтіп, уақыт жылжи берді. Жаз артын күз, күзді желтоқсанның ызғарлы күндерімен қыс жалғады.

2018 жыл. Желтоқсан. Алматы. Жәнібектің бөлмесі. Сағат 09:32

Жәнібектің бөлмесінен дыбыс шығады. Күрс күрс. Ойынның даусы емес. Жәнібекке суық тиіп, қабырғаны қырылдата шыққан, өкпені түсіре жаздаған жөтелдің дыбысы. Ыстығы көтеріліп жатыр. «Компьютер  ойнағанша кір тасын көтеріп, геймер болғанша жүгіріп, секіріп, пайдалы тағам ішкенімде» деп өкініп жатыр. Ағасының кеңестері мен анасының ақылын алмағанына бармақ тістеуде.

2018 жыл. Желтоқсан. Алматы. Аурухана.  Сағат 11:40.

Дәрігердің алдында жөтеліп Жәнібек отыр.

«Жәнібек Құрақбаев қаныңыз аз, тәбетіңіз жоқ. Иммунитетіңіз тым төмен. Әлсіздік басым. Сізге келесідей ем қабылдау қажет», деді де дәрігер бір бетке толтырып дәрі жазып берді. Оған қыруар ақша мен кемі бір апта емделу уақыты кетпек.

-Жәнібек, балам!

- Иә, дәрігер,- деді Жәнібек даусы қырылдай.

-Қайтадан бізге келгің келмесе, спортпен айналыс. Жүгір, шынық. Дәруменге бай тағамдар же. Жақсы ма? Ал сау болып тұра ғой.

- Рахмет, сау болыңыз,- деді Жәнібек басы салбырап.

2019 жыл. Сәуір. Алматы. Сағат 08:15.

Алматының әсем де әдемі көшелерімен қос жігіт жүгіріп келеді. Ағалы інілі. Серік пен Жәнібек. Жәнібек енді  өмірін мүлде өзгертті. Ол компьютерде көп отырмайтын болды. Ағасымен бірге спортпен шұғылданып жүр. Өткен қыстағы ауру оның өмірге деген көзқарасын жаңартты. Енді ол күнделікті жүгіріп, серуендеп, ыңғайы келсе айына бір мәрте тауға шығып, салауатты өмір салтын сақтап жүр.

Енді ол компьютерді арнайы блок жазуға және сабақ оқуға ғана қолдануда. Әлеуметтік желіде «Өкініп қалмау үшін» атты өз парақшасын ашқан Жәнібек алғашқы блогын былай бастаған еді.

«Құрметті жас дос! Менің есімім Жәнібек. Мен спортты жек көрген жанның бірімін. Бірақ енді мен спортпен доспын. Ол маған денсаулық сыйлады, өмірімді өзгертті, қуанышқа бөледі. Менің қате түсінігімді кешіре білді. Мен спортқа қатты ауырып, бірақ келдім. Бірақ сіз олай етпеңіз. Сіз спортқа бүгін келіңіз. Ертең ауырмау үшін».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated