Бұл сауалға Президент Әкімшілігінің басшысы жауап берді.
«Президентіміз елімізде болып жатқан барлық мәселелер бойынша хабардар», деді республикалық телеарнаға берген сұхбатында Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев.
Айбек Дәдебаев Jibek joly телеарнасына қоғамдағы бірқатар маңызды сұрақтар бойынша сұхбат берді.
Оның айтуынша, Үкімет мүшелерін және өңірлердің әкімдерін тағайындау кезінде қызметшілердің іскерлік қабілеті, тиісті саладағы білімі мен тәжірибесі ескеріледі. Сондықтан мемлекеттік деңгейдегі кадрлық өзгерістер бір күнде қабылданатын шешім емес екенін ескеру керек дейді.
«Бұл жерде Президенттің кадрлық таңдауы жеке адамға деген көзқарасына емес, сол лауазымды атқаруға кәсіби біліктілігі, тәжірибесі, білімі жеткілікті ме, елге адал қызмет етуге дайын ба деген мәселелерге байланысты. Байқасаңыз, саяси қызметте белгілі бір кесімді мерзім немесе «кепіл» жоқ, қатаң талап нәтижесінде өз жұмысына адал, білікті кадрлар ғана сұрыпталып шығады» – деп атап өтті Айбек Дәдебаев.
Сондай-ақ Айбек Арқабайұлы Мемлекет басшысы елімізде болып жатқан барлық мәселелер бойынша хабардар екенін және кадрлық шешімдер қабылдағанда қандай мәселелерге көңіл бөлетінін айтты.
«Біріншіден, белгілі бір кадрлық шешім қабылданғанда, әрине, ең алдымен сол саладағы стратегиялық мақсаттардың орындалуы басты назарға алынады. Мемлекеттік қызметшілер дегеніміз жалдамалы менеджерлер ғой. Әр кезең талабына сай қойылған мақсаттар орындалғаннан кейін оның кәсіби біліктілігі басқа салаға бағытталуы мүмкін. Екіншіден, біз даму жылдамдығы аса жоғары, күн сайын қым-қуыт өзгерістер болып жатқан заманда өмір сүріп отырмыз. Бұл мемлекеттік қызметшілерден шұғыл өзгерістерге бейімділікті және жоғары бәсекеге қабілеттілікті талап етеді. Сондықтан белгілі бір саладағы кезекті межеге қол жеткеннен кейін келесі межеге жету үшін басқа деңгейдегі кәсіби біліктілік қажет болуы мүмкін», – деп атап өтті ол.
Президент Әкімшілігінің Басшысы жемқорлықпен күрес мәселесіне де тоқталып, мемлекеттік қызметшілер бұл дерттен аулақ болуы тиіс дейді.
«Бұл қай заманда да, қай елде де өзекті мәселе. Онымен мемлекет, қоғам, үлкен-кіші бәріміз жұмыла күресуіміз керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтаған емес. Бастысы, әкімшілік қызметші болсын, саяси қызметші болсын, бұл дерттен аулақ болуға тиіс, ал егер алда-жылда пендешілікке бой алдырса, заң талабы барлығына бірдей. Лауазымына қарамастан, кез келген азамат қолмен істегенін заң бойынша мойынмен көтеруге мәжбүр болады» – деп түйіндеді жауабын А. Дәдебаев.