Қазақстанның 7 өңіріндегі 26 елді мекенде көлік қатынасы үзілген.
Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны жағдайы туралы есеп берді.
Бүгін 16.00-дегі жағдай бойынша, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 439 жеке тұрғын үй, 334 аула аумағы және 75 саяжай үйі су астында қалып отыр. Сондай-ақ республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдардағы 24 автожолды су шайды және 84 жол төсемі арқылы су жүрді. Қазақстанның 7 өңіріндегі 26 елді мекенде көлік қатынасы үзілген.
Азаматтық қорғау қызметтері 4 733 адамды, оның ішінде 1 686 баланы құтқарды және эвакуациялады. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 2 992 адам, оның ішінде 1001 бала орналастырылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс мининистрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұланның әуе кемелерімен 586 адам, оның ішінде 216 бала құтқарылды.
ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 2,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды, 162 мыңнан астам қапшық және 33 мың тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 6 мыңнан астам адам және 3 мың бірлік техника мен 12 әуе кемесі жұмылдырылды.