ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті «Алтын орда» базарының әкімшілігімен бірлесіп базар аумағының 6 кіреберісінде QR-кодтары бар автоматты шлагбаумдар мен кіру ақысын төлеу үшін павильондарда 6 POS-терминал орнатты, деп хабарлайды Aqnews.kz ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасай отырып.
"Сонымен қатар, «Алтын Орда» базарын цифрландыру бойынша «altynordaresmi.kz» ақпараттық веб-сайты іске қосылды, онда азаматтарға қолжетімді сауда орындарының саны, олардың алаңы, жалдау құны туралы ақпаратты, сондай-ақ жалдау (пайдалану) шартының талаптары, оны бұзу тәртібі мен негіздері туралы ақпарат қамтылған.
Базар басшылығы тарапынан кері байланыс алу үшін онлайн-шағым беру және ұсыныс енгізу мүмкіндігі енгізілді.
Жоғарыда аталған шаралар базар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және бюджетке салық төлемдерінің түсімдерін ұлғайту үшін қабылданатынын атап өткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың тамызында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев анықталған бұзушылықтарды жою, нарықты жаңғырту және фермерлер үшін тегін сауда орындарын ұсыну жөніндегі жұмысты үйлестіру үшін базар аумағында мобильді топтың қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді. 2023 жылғы желтоқсанда Сауда Комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков «Алтын Орда» базарына барып, базар әкімшілігімен сауда алаңдарын жаңғырту мәселелерін талқылады. Кеңес қорытындысы бойынша Айдар Әбілдабеков қысқа мерзімде бизнес-процестерді цифрландыруға көшуді жеделдетуді тапсырды", - деп жазылған министрлік хабарламасында.