Футбол: «Астана» сырт алаңда «Ақтөбеге» есе жіберді

Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 24-турында елордалық «Астана» сырт алаңда «Ақтөбеге» есе жіберді, деп хабарлайды Aqnews.kz тілшісі.

Елордалық команда биыл да бас жүлдеден үміткер ұжымдар қатарында саналып отыр. Әзірге турнир кестесінде екінші орында келеді. Еншісінде 49 ұпай бар. Көш басында 23 ойыннан кейін 52 ұпаймен шымкенттік «Ордабасы» тұр.

Ал үшінші орындағы «Ақтөбе» де чемпиондықтан үміт үзген жоқ. Бүгін жеңіске жеткен жағдайда бас жүлдеге таласатын командалар қатарына жақындай түсетін еді.

Ақтөбелік клуб «Астанамен» кездесу барысында жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан 11-минутта Әлібек Қасым пенальтиден есеп ашса, 78-минутта Шина көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Ақтөбе» қарысласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Енді 1 қазанда көш басында келе жатқан «Ордабасы» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуымен» кездеседі. Жеңіске жеткен жағдайда «Астанадан» алты ұпайға ұзап кетеді. Сондай-ақ, бұл күні 15:00-де «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл) мен «Оқжетпес» (Көкшетау) ойнайды.

Аталған турда 17:00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Қайрат» (Алматы), 21:00-де «Атырау» мен «Мақтарал» (Түркістан облысы) шеберлік байқасады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated