Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ) салдарынан фермерлер субсидия алуда қиындыққа тап болып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар айтты, деп хабарлайды Aqnews.kz
«Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде аграрлық ғылымды дамытуға арналған дөңгелек үстел отырысын өткізіп жатырмыз. Мақсатымыз аграрлық ғылымдағы жаңа трендтерді анықтап, оларды ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу. Президентіміз Жолдауында климаттық жағдайларға, суға тәуелді болмау қажеттігін, ғылыми жетістіктерге, цифрландыруға негізделген жаңа шешімдер қабылдау керектігін айтқан еді. Дәл осы бағытта іс-шараны өткізіп отырмыз», – деді депутат тілшілерге берген сұхбатында.
Іс-шара барысында ол аграрлық секторға цифрандыруды енгізу жайлы сөз сөйледі.
«Қазіргі уақытта белгілі бір проблема орын алуда. СБМАЖ деген бағдарлама бар. Дәл осы жүйе салдарынан фермерлерге мемлекеттен субсидия мен қолдау алу өте күрделі болып тұр. Жазда – құрқақшылық, күзде – жаңбыр сынды ауа райы жағдайымен байланысты проблемалардан бөлек, фермерлер субсидияны да алып үлгермеді. Өйткені, бағдарлама қатып қалып, фермерлер көктемгі және күзгі жұмыстарды бастауға қолдауды дер уақытында ала алмады. Қалай дегенде де министрлік бағдарлама жетілдірілетінін айтып отыр. Олардың дерегінше, мамырға қарай бәрі реттеледі. Бірақ, қалай десек те мәселе туындады», – деді Ислам Сұңқар.
Ақпарат Kazinform. сайтынан алынды