Елордада асық ату спорт түрінен Еуразия кубогына іріктеу өтті

Spread the love

Елордада асық ату спорт түрінен Еуразия кубогына іріктеу өтті

                      Асық атуға 70-ке жуық адам қатысты

Елордада асық ату спорт түрінен Еуразия кубогына іріктеу өтті

Бүгін №24 орта мектебінің спорт залында қалалық Спорт басқармасының ұйымдастыруымен ұлттық ойындарымызды насихаттау мақсатында асық ату және бес асық спорт түрінен Еуразия кубогына іріктеу чемпионаты өтті, деп хабарлады Elorda.info. 

Іріктеу чемпионатына Астана қаласының құрама командасымен қатар, қалалық төрт ауданның яғни, Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр және Есіл ауданының құрама командалары қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қалалық біріншілік жарысы болсын, басқада ауқымды жарыстар тек жастар арасында ғана емес, елу мен алпысты еңсерген қариялардың да қызығушылықтарын арттыруда.

Ұлттық ойынды меңгерген 70-ке жуық қатысушы асықты 1 метр қашықтықтан көздеп ату бойынша бақ сынасты.

Сақаларын сайлап келгендердің арасында алпысты алқымдаған ардагерлер де болды. Ал ең жас қатысушы 14 жаста.

Бүгін міне, елордада асық ату спорт түрінен Еуразия кубогына іріктеу чемпионаты өтіп жатыр. Қаламыздың төрт ауданынан келген спортшылардың ойынын тамашалау үстіндеміз. Олар, асық ату мен бес асық  бөлімдері бойынша өзара сайысқа түсіп, мықтыларды анықтауда. Бұл чемпионат ұлттық спорт түрлері бойынша биылғы алғашқы ауқымды іс-шара. Қазіргі таңда асық ату спорт түрі тек елімізде ғана емес, сонымен қатар, әлемдік деңгейде дамып келеді. Оған дәлел, желтоқсан айында Астана қаласында өткен Азия чемпионаты. Жарысқа 10 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бұл біз үшін үлкен - мақтаныш. Болашақта, өзіміздің ұлттық ойындарымызды дәріптеп, даму жолында үлкен жетістіктерге жететінімізге сенемін, - деді Астана қаласы әкімдігінің «Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясының» баспасөз хатшысы Айдана Жеңісбаева.

Талап бойынша жарыс екі кезеңнен тұрды. Яғни, үш және төрт қатысушыдан құралған команда жасақтап, сақаны иіріп жіберіп асқан бір құмарлықпен ойынның сәнін кіргізді.

Сақа сарт етіп тиген асық, шыр көбелек айнала шеңбер ішінен шыға берді. Ал, спорт залдың бір шетінде қазақи нақышта киінген қыздарымыз бес асық ойнап жарысты одан сайын қыздыра түсті.

Мықты мерген қыз-жігіттеріміз ұлттық дәстүріміздің әлі де өміршең боларын меңзегендей сыңай танытты.

Біз кішкентай күнімізде аулада достарымызбен жиналып асық ойнайтынбыз. Асық жинап, оны бояудың өзі қызық. Бірақ, кейін ол ұмытыла бастады. Ескендір ағайымның арқасында бұл ойын қайта жаңғыруда. Көптеген жарыстарға барып жүлделі орындарға ие болып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрміз. Жыл басталған сәттен бастап осы жарысты біз асыға күтеміз. Жалпы мұндай ұлттық ойындар біздің қаламызда жиі ұйымдастырылып тұрады. Көбіне біз Наурыз мейрамында міндетті түрде Астана қаласындағы орталық алаңдарға барып ойнап тұрамыз, - дейді қатысушылардың бірі Тоқтар Студентұлы.

Дәлдік пен қырағылықты талап ететін ойынның жеңімпаздарын жарыс соңында анықтап, дипломмен, медальдармен және кубокпен марапатталды. Ал, басқа қатысушыларға жарысқа белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар табысталды.

Мақсатымыз — жастар арасында  ұлттық спортты насихаттау, - дейді ұйымдастырушылар.

Тегтер:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated