Елордада ардагерлер арасында волейболдан республикалық турнир басталды

Бүгін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дүйсенбай Тұрғановтың құрметіне волейболдан дәстүрлі республикалық турнир басталды, деп хабарлады Aqnews.kz

Турнирге Астана, Шымкент, Алматы қаласы, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Абай, Алматы, Ақтөбе, Павлодар облыстарынан 26 команда қатысып жатыр.

Айтулы жарыстың ашылу салтанатына арнайы қонақ ретінде Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Батталов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.

2019 жылы республикалық ардагерлер волейбол федерациясын құрдық. Басты мақсатымыз — жастарға үлгі болу және жасы үлкен азаматтарға салауатты өмір салтын насихаттау. Турниріміздегі ең жас ойыншысы 45-те, ал ең егдесі — 80-де. Бұл керемет мотивация. Ардагерлердің спортпен айналысқанын көріп, олардың балалары, немерелері де дұрыс бағытты ұстанады деп ойлаймын. 5-ші мәрте ұйымдастырылып жатқан жарыста өткен жылға қарағанда командалардың саны артып отыр. Халықаралық әйелдер мерекесіне тұспа-тұс келген турнирде шын мықтылар жеңеді деген сенімдемін, - деді Ардагерлер федерациясының президенті Әсет Әділхан.

Турнирде +45 және +60 жастар санаты бойынша жеңімпаздар анықталады.

Бұл – еліміздегі ең беделді додалардың бірі саналады. Біз секілді азаматтарды ескеріп, ардагерлер арасында жарыстар өткізіліп жатқанына өте ризамын. Айтулы жарыста жақсы өнер көрсету үшін, аптасына тұрақты 2 мәрте дайындалдық. Фавориттердің қатарына Ақтөбе, Абай, Алматы облыстарын айтар едім. Дегенмен, бізде қолдан келгенімізше жүлдегерлердің қатарына кіруге саламыз, - деп Астана қаласының команда мүшесі Дулат Халилин пікірін білдірді.

Айта кетейік, турнир 9 наурыз күні аяқталады.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated