Елде су тасқынынан 85 мыңнан астам адам эвакуацияланды. 9 өңірде 29 төтенше жағдай жарияланды

Елде су тасқыны басталғалы бері азаматтық қорғау қызметтері 85 мыңға жуық адамды құтқарып, қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи апат орын алған аймақтардағы соңғы деректермен бөлісті.

ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуынша, уақытша орналастыру пунктеріне қазіргі уақытта 8349 адам жеткізілген.

«Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 8 млн-нан астам текше метр еріген қар суы сорылды. Сонымен қоса 1 мыңнан астам құм қапшық және 1 тоннадан астам инертті материалдар төселді. Авариялық құтқару жұмыстарына 16 мыңнан астам және 2500-ге жуық техника жұмылдырылды», – деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Десе де еліміздің 9 өңірінде – Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және СҚО жергілікті ауқымдағы 29 төтенше жағдай жарияланды. «Жедел желі» телефондарына 1 129 қоңырау келіп түсті, шұғыл психологиялық көмек 76 адамға көрсетілді. 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.

Қостанай облысындағы қоймаларда су деңгейі төмендеп келеді
Қостанай облысында бүгінге дейін тасқыннан зардап шеккен 587 отбасыға 107 миллион теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілген. Аймақта жағдай тұрақталып келеді, бірақ, қорғану жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, тасқынның жоғарғы мөлшерлі шегі өтіп, қоймалардан су жіберу деңгейі төмендеген. Мәселен, Қаратомар су қоймасынан су ағызу секундына 660 текше метрге дейін азайтылған.

«Сондай-ақ, Жоғары Тобыл және Желқуар су қоймалары бойынша су ағызудың төмендеуі байқалады. Сонымен қатар өңірде өзендердегі су деңгейі төмендеп келеді.
Тобыл өзенінің бас жағында соңғы тәулікте 71 см-ге, Әйет өзенінде 91 см-ге төмен түскендігі тіркелді. Қарасу ауданындағы Тімтуір, Құндызды және Қарасу өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі тәулігіне 13-тен 97 см-ге дейін құрады. Облыстың оңтүстік бөлігіндегі Торғай, Дәмді және Қабырға өзендерінде судың әлі де жоғары деңгейі сақталып отыр. Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсету жөніндегі жұмыс жалғасуда», – деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов.

Қазіргі уақытта Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы азаматтар үйлеріне оралып жатыр. Жалпы бүгінге дейін Торғай ауылындағы 600 адам үйіне қайтып, эвакуациялық орталықтар жабылған. Ал Әуе қорғанысы күштері әскери институтының ұшқыштары жергілікті халыққа гуманитарлық көмек тасып жатыр.

Елде су тасқынынан зақымданған жолдар қалпына келтірілуде
Қостанай облысында су тасқыны кезінде 24 автожолда қозғалыс шектелген болатын. Қазір солардың 9-ында жағдай тұрақталып, қозғалыс қалпына келтірілді. Жолдарды ашу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Алайда тасқын қатты болған Аманкелді, Жанкелдин аудандарында кейбір жолдарды су бұзып-жарып кеткен. Оларды қалпына келтіру тасқын басылғаннан кейін қолға алынады. Бұдан бөлек аймақтағы 28 елдімекенде әлі электр жарығы жоқ. Кейбір ауылдарға тікұшақпен тоқ беретін генераторлар жеткізіліп жатыр.

«Қатты тасқынның салдарынан бағандар құлап, істен шықты. Бұл оларды қалпына келтіру жұмыстарын қиындатып отыр, су кеткеннен кейін жұмыс жалғасатын болады»,-деп мәлімдеді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Құлсарыда тасқынға қарсы күрес күшейді
Атырау облысы Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешовтың мәлімдеуінше Құлсары қаласындағы 2680 нысанды су басқан. Енді арнайы комиссиялар құрылып, нысандарды аралау жүргізіледі.

«Бүгінде Құлсары қаласында 231 бірлік техника, 18 дана жүзу құралы және 19 су сору құралдары жұмылдырылған. ҚР ТЖМ күштерінің арқасында дамбалар салу, бөгеттерді көтеру жұмыстары, сондай-ақ қаптарға топырақ толтырып, төсеу жұмыстары жүргізілуде. Құлсары қаласынан жалпы есепте 31 009 адам көшірілген. 274 адам уақытша орналастыру орталығына орналастырылды. Жылыой ауданында оқиғалар орын алғаннан бері 203 тонна гуманитарлық көмек көрсетілді», – деді спикер.

Қазгидромет: Елдің басым бөлігінде әлі де тұрақсыз ауа райы сақталады
Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова Қазақстан аймақтарында болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады. Оның айтуынша, республиканың басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Тіпті кей аймақтарда жауын соңы қарға ұласатынын мәлімдеді.

Айта кетейік«Қазгидромет» тәулік бойғы жұмыс режиміне көшті.

«Республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде түнде жауын-шашын (жаңбыр жауып, қарға ұласады), күндіз жаңбыр жауады, облыстың оңтүстік-шығыс таулы аудандарында жауын-шашын болжануда, кей уақыттарда қатты жауын-шашын (қар, жаңбыр), облыстың шығысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауып найзағай күтіледі. Тек еліміздің батысында, оңтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы болады деп күтілуде. ҚР бойынша тұман, желдің күшеюі, елдің солтүстігінде көктайғақ, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында дауыл, бұршақ күтіледі», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы.

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated