Қазақстандық балуан қыздар үшін Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен соңғы Олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталды.
Өкінішке қарай. бұрымды балуандарымыз екінші рет лицензиялық турнирде жаппай ұтылып қалды.
Осылайша тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет балуан қыздарымыз олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігінен айырылып отыр.
Осыған дейін Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Азия аймақтық іріктеу сайысында да қыздарымыз жартылай финалдан ары аса алмаса, Түркияда өткен әлемдік іріктеу сынында ширек финалдан шыға алмады.
Отандастарымызды жеңген өзге балуан қыздар да жарты жолдан жарыстарын аяқтап, жұбаныш белдесуі де бұйырмады.
Егер олар финалға дейін жеткенде жерлестеріміз кіші финалда қола медальға таласуға мүмкіндік туар еді.
Осылайша, Париж Олимпиадасында әйелдер күресінен ешкім ел намысын қорғамайтын болды.
Айта кетейік, Ыстанбұлда өтіп жатқан соңғы лицензиялық турнирде 50 келіде Лаура Ғаниқызы, 53 келіде Марина Седнева, 57 келіде Лаура Алмағанбетова, 62 келіде Ирина Кузнецова, 68 келіде Елена Шалыгина және 76 келі салмақта Эльмира Сыздықова сынға түсті.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан ауыр атлеттерінің де алғаш рет Олимпиададан тыс қалғанын жазған едік.