Биыл әскерге 20 мың адам шақырылады. Оларға қандай жеңілдіктер ұсынылып отыр

Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының басшысы Фархат Айдарбаев сарбаздарға қандай жеңілдіктер жасалып отырғанын айтып берді.

Жуырда мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстыра отырып, әскерге барып, Отан алдындағы өз борышын өтеген азаматтарға арнайы жеңілдіктер ұсынылатынын мәлімдеді.
Осы орайда қарулы күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті басшысының орынбасары, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының басшысы, полковник Фархат Айдарбаев дәл қазір әскерге баратын сарбаздарға қандай жеңілдіктер жасалып отырғанын және әскерге шақыру тәртібінің қалай жүзеге асатынын түсіндірді. 
Болашақ сарбаздарға қандай жеңілдіктер ұсынылып отыр?
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әскерге барып, өз борышын өтеген азаматтарға арнайы жеңілдіктер беруді ұсынды. Олар: 

осы санат үшін арнайы квота енгізу;
сарбаздарға осы квоталар шеңберінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына арнайы дайындалған емтихандар негізінде түсу мүмкіндігін беру;
​осы азаматтарға жатақханада орын бөлген уақытта басымдық беру. 

Полковник Фархат Айдарбаев қорғаныс министрлігінің мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне "кредиттік демалыс" берілгенін айтады. Сондай-ақ қазірдің өзінде бар жеңілдіктерге тоқталды. 

"Қазірдің өзінде 6 мың әскери қызметшіге 2,3 млрд теңгеге негізгі борыш пен сыйақы бойынша "кредиттік демалыс" берілді. Мерзімді әскери қызметшілер әскери қызметін өткеру кезеңінде несиесін уайымдайды. Сол себепті меморандумды іске асыру үшін агенттікпен және қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылдың арнайы алгоритмі әзірленді. Шақыру науқаны барысында жиналған банктік қарыздар мен микрокредиттер туралы мәліметтер бірден қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберілетін болады. Осы деректердің негізінде кредиторлар негізгі борыш, сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және берешекті өндіріп алудың барлық нысанын тоқтата тұру мәселелерін пысықтайды. Төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде несие беруші сот ісін жүргізуді, берешекті өндіріп алу бойынша нотариусқа жүгінуді, тұрғын үйді сатуды, қарыз алушының отбасын үйден шығаруды тоқтатады. Өткен сот актілері бойынша берешекті өндіріп алудың барлық нысандары да тоқтатыла тұрады", – деді Фархат Айдарбаев. 

Басқарма басшысының айтуынша, үздік деп танылған мерзімді қызметің сарбаздары тегін оқиды. Қорғаныс министрлігі елдің 70-ке жуық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтар үшін жоғары оқу орындарында тегін оқуға 3 мың орын қарастырған. 

Әскерилердің тұрғын үй төлемі бірыңғай мөлшерде болуы мүмкін
Мұнымен қатар қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Қазақстандағы әскерилердің тұрғын үй төлемі бірыңғай мөлшерде болуы мүмкін екенін айтқан болатын. 
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтың айтуынша, өңірге қарай берілетін қаражат әскерилер арасындағы әлеуметтік шиеленіске әкеліп соғуы мүмкін. Министрлік өкілінің сөзінше, қазіргі уақытта әскерилер тұрғын үй төлемі үшін әр адамға 33 мың теңгеден 96 мың теңгеге дейін алады. Ал 19 өңірде жауынгерлердің отбасына берілетін қаражат орташадан төмен.
Астана мен Алматы қалаларында үйге берілетін қаражаттың мөлшері жоғары болып тұр. Осыған байланысты кей шенділер ақшасы көбірек аймаққа көшуге алғышарттар жасайды. Енді бірыңғай төлем енгізілсе, мұндай жағдайды төмендетуге болады.

Биыл әскерге шақыру тәртібі қалай жүзеге асады?
Қазақстан Республикасы президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы № 443 жарлығына сәйкес биыл 1 наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдары әкімдері орынбасарларының төрағалық етуімен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады.
2024 жылғы 30 маусымға дейін қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ, 18 бен 27 жас аралығындағы жиырма мыңнан астам ер азамат толықтырады.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated