Тележүргізуші Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғанын айтты.
Оның айтуынша, дәл сол сәтте жұмыс істеуге де шамасы келмеген.
«Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы менің жеке басымды да айналып өтпеді. Жәбірленушінің орнында болып, сот залында тұрамын дегенді кім білген? Қиындық кімде жоқ? Мен де мойымай, «бастысы денсаулығым мен кәсібімнен айырмасын» деуші едім. Алайда моральдық-психологиялық қысым алдымен денсаулығыма кесірін тигізді, содан соң ТВ эфирде жұмыс істей алмайтын жағдайға жеткізді. Басшыға өзім барып, жұмыстан кетемін деп шештім сол кезде. Өйткені түске дейін тергеушінің алдында, түстен кейін камераға, тікелей эфирде жұмыс істеуге жарамай қалдым», - деп жазды ол.
Тележүргізуші екінші некесі сәтсіз аяқталғанын жеткізді.
«Екінші некем баянсыз болып, тоғыспайтын жерден М.Ә. есімді азаматпен мәмілеге келіп, адамша екі жаққа кетудің орнына, іс насырға шауып, жабық есік жағдайындағы сот процесіне дейін жетті. Екі жарым жыл бұрын заңды түрде ажырасқан едік. Содан соң 10 айға жуық менің талабым бойынша оның үстінен қозғалған қылмыстық істің тергеу процесінен өттім. Соңғы нүктесі 28 мамырда қойылды. Үкім 13 маусым күні күшіне енді. Істің мән-жайын ашпауға процеске қатысқандар қолхат бердік. Сондықтан артық сұрақ қоймаңыздар», - деді ол.
Тележүргізуші бұл оқиға өзіне сабақ болғанын айтады. Осы жағдайда баласының әкесі Владимир де оған қорған болуға тырысқанын атап өтті.
«Иә, мен заңды түрде қорғануға мәжбүр болдым. Басында бәріміз пендеміз ғой, бір шешімге келерміз деп жеңіл көрінген істің арты осыншама уақытымды, денсаулығымды алады деп ойламадым. Жұмыстың, үйдің, баламның берекесі қашты. Қаржылық шығын, жүйкенің тозғанын айтпағанда... Бұл оқиға мен үшін үлкен сынақ та, сабақ та болды. Осы жасқа келіп, опасыздықпен дәл осылай бетпе-бет келіп көрмеппін. Қазылған орға құлап жатқанымда қол ұшын созған достарымның қадіріне жетпей келген екенмін деп оған өкіндім. Бәрі сол күндері қасымнан табылды. Аяулы анамның дұғасы, әкемнің көзі болған қарындасы Зәбида тәтемнің, іні-сіңлімнің қолдауы сүрінгенде сүйеу болды маған. Тіпті марқұм Владимир – Әлімнің әкесі, былтыр жазда хат жазып, «Сақ бол» деп маған қорған болуға тырысты, жарықтық...», - деп жазды Дана Нұржігіт.
Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге батыл болуға шақырды және заңға жүгінуге кеңес берді.
«Мен өзімнің таза, адал, рухани ортада өсіп-өніп, өмір сүріп жатқанымды көрдім. «Қолда бар алтынның қадірін біл» деген шығар маған. Жер ортасына келгенде Құдай Тағала «айдың арғы бетіндегі түнектің» қандай болатынын көрсетті маған. Көрдім де шошыдым. Күрестім. Адал атым үшін, әділет үшін, балам үшін... Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы – адам құқығы тақырыбы. Мен өзімнің адам ретіндегі құқығымды қорғадым. Бұл жолда қаншама кедергілерден өту керек екенін көрдім. Көзім жетті. Адвокаттарыма ерекше алғыс айтамын. Бірлік пен біліктілік арқасында бір команда болып жұмыс істедік. Ендігі жерде менің жазатын, айтатын, бұқара сауатын ашатын мамандармен болатын сұхбаттарымның тақырыбы осы мәселелерге де арналады. Қапаста жүрген әйелдерге айтарым: қыспақта ұстағысы келген еркек тек ашықтықтан қорқады. Батыл болыңыздар! Мені де «Ұят болады, өз артыңды өзің ашасың ба?»деп ұстағысы келді. Бұл –қылмыскердің әдісі. Сенбеңіздер! Заң! Тек қана заңға жүгініңіз! Иә ұзақ жол, иә бұл күрес! Бірақ... Барлығы аяқталған соң Әлімнің айтқаны жанымды жұбатты. «Балам, мен осы оқиғада бір кінәм болса, сенің алдыңда кінәлімін» дедім. Он үш жастағы баламның айтқаны: «Мама, өзіңізді кінәлай бермеңіз, сіз бақытты боламыз деп ойладыңыз ғой», - деп жазды тележүргізуші.
Айта кетейік, бұған дейін Динара Зәкиева «Тұмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға» қарсы петицияға пікір білдіргенін жазған болатынбыз.