Кез келген теорияға сүйенетін болсақ, ең қажетті дүние қауіпсіздік мәселесі болып табылады. Адам да, мемлекет те, қоғам мен халықаралық қатынас та тура осы қағидамен күн кешеді. Өйткені қауіпсіздік – атқарылатын іс-шараның қорғалған басты күйі. Мысалы әйгілі ғалым Харольд Маслоудың теориясына сүйенетін болсақ та, саяси ғылымның өзінде ең бірінші қорғалуға тиіс құндылық – қауіпсіздік. Бұл ұғымның бүгінгі таңда да атқаратын мағынасы мен мәні кең және спецификасы да ауқымды. Қазіргі таңда мемлекеттердің өміршеңдігі олардың қауіпсіздігімен тікелей байланысты болып табылады. Уақыт өткен сайын қауіпсіздік түсінігі де кеңеюде. Ғасыр бойы адамзат тек қана қарулы қақтығыстан қорғануды қауіпсіздік деп санап келсе, ендігі таңда олардың қатарына экономиканы қорғау, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік, ядролық қауіпсіздік, экологиялық және киберқауіпсіздік деген түсініктер енді. Солардың ішінен ерекшеленіп тұратын екі мемлекеттік құрылым мен суверинитетке төндіретін қауіпсі жағынан аса қауіпті саналатын қатер түрлері бар. Олар терроризм мен есірткі саудасы. Бұл тікелей Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін халықаралық қылмыс түрлері болып табылады.
Орталық Азия үлкен әлемдік транзит жолы. Бұл дегеніміз барлық саяси және экономикалық өзгерістер дәл осы аймақ арқылы өтеді дегенді білдіреді. Өйткені ол бірден төрт әлемдік өркениеттің шекарасында тұр. Батысында Еуропалық өркениет, Шығысында Циндік өркениет, оңтүстігінде ислам әлемі, ал солтүстігінде православтық өркениет жатыр. Аталмыш өркениеттер бір-бірімен бәсекелес және қарсылас болып табылғандықтан, барлық күрес олардың мүддесі шектесетін Орталық Азияда жүруде. Ол көрінбейтін террорлық топтар мен түрлі қылмыстық қауымдастықтар арқылы жүріп жатқан күрделі процесс.
2011 жылы Таяу Шығыс мемлекеттерінде таяуда аяқтала қоймайтын азаматтық соғыс өрті тұтанды. Оның алғышарты ретінде «Араб көктемі» саяси науқаны тұрса, қозғаушы күші болып қарапайым халық танылды. Алайда көп уақыт өтпей-ақ, олардың орнын лаңкестік топтар басты. Бүгінде әлемдік деңгейдегі нөмір бірінші лаңкестік ұйым болып табылатын ДАИШ ұйымы саяси сахнаға шықты. Аз уақыт ішінде Сирия мен Ирактың біраз аумағын жаулап алған ДАИШ содырлары, Ауғанстан, Ливия мен Йемен сынды елдерде де ашық әрекет ете бастады. Тіпті Еуропа мен Кіші Азия мемлекеттерін де дүр сілкіндірген лаңкестік әрекеттер жасап, қаншалықты қауіпті екенін танытты. Аталмыш ұйым құрамында тек қана әскери қимылдар өтіп жатқан мемлекеттердің азаматтары мемес, бас-аяғы 80-нен астам елдің азаматтары жиналды. Олардың ішінде Қазақстаннан 300-350, Қырғызстаннан 400-700, Тәжікстаннан 700-1000, Өзбекстаннан 3000-3500, Түркіменстаннан 250-400 адам аттанды деген ресми мәліметтер бар. Оның үстіне ДАИШ ұйымы Орталық Азия мемлекеттерін тұрақсыздандыруға 70 миллион доллар қаражат бөлмек деген ақпарат пайда болды. Осы сәтте бізді ұлты, тілі мен мәдениеті, тарихы мен ділі мүлде бөлек аймақтағы азаматтық соғыс азаматтарымыз неге аттануда деген сұрақтар туындайды. Яғни терроризм қаншалықты алыс орналасқанына қарамастан адамзаттың ортақ мәселесі болып табылады дегенді білдіреді емес пе?! Біздің еліміздегі бейбітшілікті халықаралық қатынастар негізіндегі «бұзылған тыныштық» теориясымен қарайтын болсақ, онда біз де терроризммен күресуші елдердің алдыңғы қатарында тұрған мемлекеттер қатарына жатамыз дегенді білдіреді. Өйткені мемлекеттен бір ғана лаңкестің шығуы, ол елдегі халықтың кей тобы лаңкестік көңіл-күйде екенін білдіреді. Ал бір емес бірнеше жүз болса, онда ол шешімін бүгін шешуге тиіс мәселеге жатады.
Орталық Азияға осыдан 28 жыл бұрын терроризм мен есірткі тасымалдау сынды қылмыс түрлері беймәлім болып келді. Өйткені ол сәтте кеңестік кезең аталмыш қылмыс түрлеріне толықтай тыйым сала алды деген түсінік болды. Алайда КСРО тарих сахнасынан мәңгілікке кетті, ал Орталық Азиядағы бес мемлекет өз қолы өз аузына жеткен дербес тәуелсіз елдерге айналды. Ендігі таңда оларды Мәскеу емес, өздері қорғауға тиіс еді. Осы сәтте Орталық Азия мемлекеттерінде үлкен қауіптің шеті көрінді. Ол – терроризм мен есірткі тасымалы. Орталық Азиядағы терроризммен күресудің қазіргі таңдағы жай-күйін айту үшін, жаңадан зерттеулер өткізудің қажеті жоқ. Өйткені көріп отырғанымыздай терроризм трансформацияланғанымен, Орталық Азия мемлекеттерінде айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Яғни терроризммен күресудің әдіс-тәсілдері осыдан 28 жыл бұрын қандай болса, қазіргі таңда да тура сондай. Сондықтан конъюнктураға қарамай-ақ, тарихи әдіспен де бұл мәселені зерделеуге, тіпті сараптауға болады.
Сол себепті де, мен Орталық Азиядағы терроризммен күресудің басты мәселелерін талдауды тарихи оқиғалар негізінде жүргізуді жөн көрдім. Орталық Азия елдеріндегі лаңкестік ошақтары алғаш болып Тәжікстанда қалыптасты. 1992-1997 жылдары Тәжікстандағы діни текетірес пен мемлекеттік саясатқа қарсылық салдарынан орын алған азаматтық соғыс, біздің аймағымыздағы ең ірі лаңкестік ошағын туындатты. Оған КСРО кезінде тыйым салынған діни бірлестіктердің, тез арада қоғамға еніп алуы себепкер болды. Өйткені ұзақ уақыт бойы дәстүрлі діннен көз жазып қалған халық, ендігі таңда діни сауатсыздыққа ұшырап, ақиқат пен жалғанды, дұрыс діни ағым мен теріс бағытты ажыратудан қалды. Салдарынан қой терісін жамылған, діни бағытты ту еткен бірлестіктер қоғамға кеңінен жайылды. Аталмыш процесс Өзбекстанда да орын алды. Өзбекстанның Исламдық Қозғалсы (ӨИҚ) атты үлкен діни бірлестік құрылып, артынша саясиланған қозғалысқа айналуды көздеді. Олардың басты мақсаты Өзбекстандағы Ислам Кәрімов режимін құлатып, орнына шариғат негізіндегі билік жүйесін қалыптастыру еді. Сол мақсатта бірнеше мәрте Өзбекстанда жойқын террорлық әрекеттер жасап, Орталық Азияны дүр сілкіндірді.
Орталық Азиядағы терроризм мен оған қарсы күресудің жолын 1999 жылы орын алған «Баткен оқиғасымен» толықтай ашуға болады. Баткен оқиғасы тек қана Қырғызстанның емес, сонымен қатар барлық Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігіндегі көптеген күрделі мәселелерді анықтап берді. Ол мәселелер осы күнге дейін өз шешімін таппай, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Қырғызстан аумағы арқылы Өзбекстанға өтпек болған ӨИҚ мүшелері қырғыз жерінде 2,5 ай болып, аймақ тарихындағы ең ірі террорлық әрекетті жүзеге асырды.
«Баткен оқиғасы» зерттеу арқылы 20 жыл уақыт өтсе де, Орталық Азия мемлекеттеріндегі қауіпсіздік мәселесінің әлі күнге дейін оңала қоймағанына көз жеткізу оп-оңай.
Біріншіден, 1999 жылғы «Баткен оқиғасында» терроризммен күресуде дипломатиялық тәсіл өте нашар қолданылды. Келіссөздерді жүргізуге кәсіби емес мамандар қатысып, салдарынан лаңкестердің бірқатар талаптары орындалды. Ал бұл, лаңкестікпен күресудегі ең үлкен қателіктің бірі еді. Дәл осындай мәселе 2010-2016 жылдар аралығында елімізде орын алған Ақтөбе мен Алматы, Тараз қалаларындағы лаңкестікте, сондай-ақ өзге елдердегі Бішкек, Андижан мен Душанбедегі террорлық әрекеттерде байқалды. Яғни осы уақытқа дейін Орталық Азия мемлекеттері лаңкестермен келіссөздер жүргізудің әдіс-айласын кәсіби деңгейде жүзеге асыра алмауда. Оған дәлел аталмыш келіссөздердің барлығының да нәтижесіз аяқталуы.
Екіншіден, Баткен оқиғасы кезінде Қырғызстан тәуелсіз ел болғанына қарамастан, өзіне қандай әскери құрылымдарды дамыту қажеттігін таңдай алмағаны айқын көрінді. Яғни аз кәсіби әскер ме, әлде резервтік жүйедегі көп әскер ме деген мәселені оңтайлы шеше алмағаны байқалды. Бұл мәселе осы күнге дейін де өз шешімін таппады. Орталық Азиядағы төрт мемлекет тікелей саны көп резервтік жүйені таңдаса, тек қана Қазақстан жартылай кәсіби, жартылай резервтік жүйеде қызмет етуде. Оған Қазақстанның экономикалық жағдайы мүмкіндік беріп отыр. Біздің елімізде келісім арқылы (контрактник) қызмет ететін әскери қызметшілер саны басымдыққа ие. Бұл халықаралық терроризммен күресудегі тәжірибелі мемлекеттердің ұстанатын тактикасы болып табылады. Мемлекетіміздің осы жүйені таңдауы аса дұрыс шешім деп ойлаймын. Елімізде орын алған террорлық әрекеттер сәтінде, біздің арнайы күштік құрылымдар кәсіби әрекет етіп, жау көздерін тез арада жою және ауыздықтау операцияларын жүргізе алды. Оның үстіне үш мәрте ұйымдастырылған «Жусан» опреациясында да Қазақстанның сыртқы барлау, арнайы құрылымдар мен саяси сараптама бөлімшелері Орталық Азиядағы төрт елден жоғары деңгейде екені айқын көрінді. Бұл үрдісті ары жалғастырып, тәжірибені көбейту керек.
Үшіншіден, «Баткен оқиғасында» әскери техника мен оқ-дәрі тапшылығы байқалды. Бұл мәселе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мысалы Тәжікстанға 2014-2019 жылдары Қазақстан әскери қажетттіліктерді көмек ретінде берсе, Қырғызстанға да дәл осындай көмектер көрсетілуде.
Төртіншіден, 1999 жылғы террорлық әрекеттер әскери тактиканы өзгерту қажеттігіне және белгілі бір мемлекетті немесе құрылымды потенциалды жау деп тануға нұсқады. Мысалы тек қана далалық аймақта немесе қарсылас мемлекеттің әрекеті ретінде ғана әскери жаттығулар өткізіп, сол арқылы машықтанған әскери қызметшілер, халықаралық заңдылықтар мен адами құндылықтар, БҰҰ-ның жарғысы мен бейбіт тұрғын атты категориялардың бірде біреуін мойындамайтын лаңкестік атты құрылыммен бетпе-бет келгенде, не істерін білмей дал болды. Дәл осы мәселе осы күні де шешімін таппады. Мысалы Орталық Азиядағы бес мемлекет те лаңкестік ұйымдарға тыйым салғанымен, әскери доктринасына потенциалды жау ретінде халықаралық лаңкестік ұйымдарды қоспаған. Бұл да үлкен кемшілік болар. Оның үстіне әскери жаттығулардың 80 пайызы осы уақытқа дейін далалық аймақта өтуде. Ал лаңкестік әрекеттер көбіне қалалық жағдайда орын алатынын ескерсе, онда бұл тактиканы да өзгерткен жөн.
Бесіншіден, «Баткен оқиғасы» мемлекеттік қауіпсіздікке ең үлкен қатер ең алдымен жемқорлық екенін көрсетіп берді. Өйткені аталмыш оқиғада лаңкестердің әскери бекеттерден көрінбей өтуіне Тәжікстанда кей шенділер көмектесті деген күдікпен тұтқындалған еді. Бұл да болса аса қауіпті дүние. Мысалы халықаралық «Transparency International» ұйымының мәліметінше Қазақстан жемқорлық деңгейі бойынша 129, Қырғызстан 136, Өзбекстан 156, Тәжікстан 151, Түркіменстан 154 орында екен. Демек ақшаға арын да, барын да сататындар көп қоғамда, мемлекеттік құпияны да, әскери бекетті де, бекініс пен қамалды да оп-оңай сата салмақ. Өкінішке орай Орталық Азия мемлекеттерінің барлығы дерлік тәуелсіздік алғандарына 26 жыл болғанына қарамастан, жемқорлықтан құтыла алар емес.
Алтыншыдан, мемлекеттер арасындағы өзара келіспеушілік, үшінші тарапқа таптырмас мүмкіндік болып табылады. 1999 жылы қырғыз-өзбек шекарасындағы жер дауына байланысты ӨИҚ мүшелері аталмыш дауды пайдаланып, Қырғызстан территориясы арқылы Өзбекстанға өтпек болды. Яғни олардың басты ойы қырғыз тарапы лаңкестерді өз еркімен өткізіп жібереді, өйткені екі елі арасында өзара дау мен түсініспеушілік бар деген ойда еді. Бірақ олай болмай шықты. Дегенмен дәл осындай қарама-қайшылықтар үшінші тараптың оянуына ықпал етпек. Міне, қанша уақыт өтсе де Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан елдері арасындағы шекара дауы толастар емес. Бұл болашақта үлкен текетіреске алып келсе, онда террорлық топтардың ойлағаны болды дегенді білдіреді.
20 жыл болған «Баткен» оқиғасы Қазақстанның да біраз кемшілігін ашып көрсетті. Лаңкестікпен күресудің ең басты жолы, идеологиялық күрес жүргізу. Өйткені тек идеология ғана өзге идеологияға қарсы тұра алады. Ал Орталық Азия мемлекеттері КСРО құлағаннан кейін идеологиялық бос кеңістікте өмір сүріп келеді. Бос орынды мемлекет толтырмаса, онда өзге құрылымдар толтыратыны анық. Теріс бағыттағы діни ағымдар тура сол жолды таңдады. Ендігі таңда халық күштік құрылымдарға қарағанда, діни ағымдағы ұйымдар мен мешіттерге көбірек сенеді. Бұл мемлекеттік саясаттың үлкен кемшілігі деген сөз.
Діни ағымдар өз жақтастарын тікелей әлеуметтік желілер арқылы тауып отыр. Бұл Орталық Азия елдеріндегі ақпараттық қауіпсіздік деңгейінен көрініс беретін дүние. Киберқылмыс түріне жататын терроризмнің бұл түрі, ғылыми техника дамыған сайын көбеймесе, азаймасы анық. Ал аймақ азаматтары ақпараттық деңгейден сауатсыз және жауапсыз әрекеттерге барып отыр. Сондықтан әлеуметтік желілер мен сайттарға тікелей бақылау орнатып, халықты ақпараттандыру жұмыстарын көбейтпесе қауіп түрі арта бермек.
Жалған жұмақ иллюзиясы жүздеген қазақстандықты жылы үйінен, қираған қала мен қан сасыған Сирияға алып кетті. Олардың армандаған халифаты мен тыныштық мекені, иман ордасы шын мәніде елес екенін, терроризм тұзағына түскенде бірақ білді. Көпшілігі сол тұзақтың құрбаны болды, ал қалғаны өз елінде түрмеге тоғытылды. Әрине, бұл үлкен қауіп. Діни экстремизмнің сепкен дәнін о баста жұлып тастамаса, ол гүл шаһарды құм шаһар ететіні анық. Оған тас-талқаны шыққан Сирия, аттан ауып қалған Ауғанстан, берекесі кеткен Ирак, лаңкестік ордасына айналған Ливия дәйек.
Діни экстремизмнің соңы саяси лозунгқа айналып, терроризмге ұласып жатыр. Бүгін мемлекеттен «мектепке оқушылар орамал тағып баруды рұқсат ет» дейтіндер бар. Ертең олар «зайырлы» пунктін алып тастауды талап ететін болады. «Ислам» республикасы деп жариялауды ұсынуы мүмкін. Халықтың 70 пайызы мұсылмандар, демек оған барлық мүмкіндік бар дейтін уәж айтары айдан анық. Дегенмен қоғамдағы татулық пен бірлікті ұстап тұрған зайырлылық екенін, қай діннің болмасын атрибутикасы мектепте, мемлекеттік органда қолданылуы қате екенін біз анық әрі күнделікті жеткізуге міндеттіміз. Біз тек мұсылмандар тұратын ел емеспіз. Бұл елде көптеген ұлттар, сәйкесінше олар ұстанатын діндер бар. Бір діннің заң алдында екінші діннен артықшылығы жоқ, демек бір дінді ұстанатын азамсат та екінші дінді ұстанатын азаматтан артық емес. Бәрі тең. Ар алдында да, Ата Заң алдында да. Осыны түсіну керек. Діни экстремистер өзін әулие, өзгені адам емес санайтын идеология, құрдымға апарар жол, мемлекетті ыдыратушы басты фактор.
Қазақстан Орталық Азиядағы діни лаңкестіктің бірнеше сатысын көрген мемлекет. Біз Өзбекстандағы ӨИҚ ұйымының елді ислам деп өзгерту ұсынысын көрдік. Соңы қантөгіс болды. Біз Қырғыз еліндегі Баткендегі оқиғаларды көрдік және оған араластық. Қантөгістің куәгері болдық. Біз діни радикалды қозғалыстардың Тәжікстанның қабырғасын сөкпек болған сойқанын көрдік. Біз өз жерімізде де бірнеше діни лаңкестікті бастан кешірдік. Осының бәрін көрген қазақ қоғамы қазіргі таңда формацияға түсу жолында. Қоғам діни экстеризмнің және таза діннің не екенін жақсы білетін межеге таяп қалды. Ендігі таңда мемлекет осы жолдағы насихаттауды барынша арттырса.
Қасенғалиев Асхат