Қазақстан құрамасы сегізінші жазғы Азия ойындарына қатысып жатыр.
Отандық құрама жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келе жатыр. Осы орайда Aqnews.kz тілшісі құрлықтың ең ауқымды жарысында қатарынан бірнеше мәрте топ жарған спортшыларымыздың есімдерін тізбелеп көрді.
Осы күндері Қазақстан құрамасы Тәуелсіздік алаған жылдардан бері сегізінші рет жазғы Азия ойындарында жүлдеге таласуда. Жеті жазғы Азия ойындарының қорытындысы бойынша жерлестеріміз 155 алтын, 158 күміс, 244 қола жүлде иеленген. Олардың ішінде көптеген отандасымызға бірнеше мәрте Азия ойындарының жеңімпазы атағы бұйырыпты.
Константин Негодяев – 1994 және 1998 жылдары каноэде есуден бірнеше жаттығу түрінен 5 мәрте чемпион атанды.
Алексей Луценко (велоспорт) – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Алексей жекелей есептік сайыста қарсылас шақ келтірмей, 4 дүркін чемпион деген атаққа қол жеткізді. Ол бұған дейін 2014, 2018 жылдары топ жарған болатын. 5 қазан күні жалпы сайыста өнер көрсететінін ескерер болса, шабандозымыз Константин Негодяевтің жетісітігін қуып жетуі әбден мүмкін.
Қазақстанның тарихында ең көп алтын сыйлаған спорт түрі – байдарка және каноэде есу. Себебі бұл спортта 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынып, бір спортшы бірнеше сайыста жүлдеге таласа алады.
Осы орайда Азия оындарының тарихында қатарынан 4 дүркін чемпион атанған 3 бірдей жерлесіміз бар екенін бір айта кеткен жөн. Олар:
Дмитрий Кальтенбергер (байдаркада есу) – 4 дүркін жеңімпаз (1998, 2002, 2006);
Дмитрий Торлопов (байдаркада есу) – 4 дүркін жеңімпаз (1998, 2002, 2006);
Сергей Сергеев (байдаркада есу) – 4 дүркін жеңімпаз (1994, 1998);
Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) – 4 дүркін жеңімпаз (2006, 2010, 2014, 2018).
Үш қарғып секіруден танымал Ольга Рыпакова алғашқы алтынын 2006 жылы жетісайыс бағдарламасында жеңіп алды. Одан кейін үш қарғып секіруге ауысып, 3 мәрте Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері, 3 мәрте Азия ойындарында 1-орын алды. Биыл бапкер ретінде шәкірттерін Ханчжоуға апарды.
Евгений Жиляев (су добы) – 4 дүркін жеңімпаз (1994, 1998, 2002, 2010).
Су добынан Қазақстанның ерлер құрамасы 7 рет қатысып, алтауында топ жарды. Солардың ішінде Евгений Жиляевқа ғана ең көп жеңіс тұғырынан көріну бақыты бұйырыпты.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ