Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 16 отандық БАҚ қызметкерлеріне салтанатты түрде пәтер сертификаттары табыс етілді.
ҚР Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы Берік Уәли әріптестерін мерекемен құттықтап, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.
«Былтыр Мемлекет басшысы «Дара» қоры арқылы журналистерге 65 пәтер тарту еткен болатын. Бұл пәтерлерді мемлекеттік бағдарлама арқылы емес, Президенттің тікелей тартуы деп қабылдауымыз керек. Бұған дейін журналистер арасында не мемлекеттік қызметкерлер санатына, не бюджеттік қызметкерлер санатына іліге алмайтыны және мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алмайтыны жиі айтылатын. Бұл сөздер айтылған күйі қалатын, енді былтырдан бастап Мемлекет басшысы журналистерге пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналдырып жатыр. Ең бастысы пәтер кілттері мемлекетіміздің дамуына, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформаларды халыққа жеткізуге атсалысқан әріптестерімізге берілуде. Биыл 67 пәтер берілді және алғаш рет 3 бөлмелі пәтерлер табыс етілді», - деді Берік Уәли салтанатты шарада.
Оның айтуынша, пәтер сертификатын алған жандар ішінде 21 көпбалалы отбасы, 5 жалғызбасты ана және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған 11 отбасы бар.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер мен БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Құрметті әріптестер, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Президент кешеден бері журналистика саласының деңгейін, жалпы мәртебесін көтеріп, сіздердің еңбектеріңізді ерекше атап өтіп жатыр. Мемлекеттік наградалар, бүгінгі тұрғын үйдің кілтін алу соның айқын көрінісі. Мен үшін осы қуанышты сіздермен бөлісу екі есе бақыт. Еңбектеріңізді мемлекет бағалай берсін», - деді Аида Балаева.
Пәтер алған БАҚ қызметкерлері қатарында Президент Телерадиокешенінің қызметкерлері де бар.
3 бөлмелі пәтерді Kazinform агенттігінің ағылшын редакциясының шығарушы редакторы Жанна Нұрмағанбетова алды. Ол агенттікте 20 жылдан астам жұмыс істейді және 5 баланың анасы.
Сондай-ақ, жаңа 2 бөлмелі пәтер кілті Kazinform агенттігінің тілшісі Марлан Жиембайға берілді, ол агенттікте 19 жыл жұмыс істейді және ең үздік қызметкерлерінің бірі болып саналады.
Мемлекет басшысының масс-медиаға қосқан ерекше үлесі үшін журналистерге пәтер тапсыру бастамасын «Дара» президенттік бастамалар қоры қолдады.
«Біз, қазақстандықтар – дана халықпыз. Сөз құдіретін жоғары бағалаймыз. Сондықтан қаламдарыңыз мұқалмасын, жұмыстарыңыз әрдайым биіктен көріне берсін», - «Дара» қорының басшысы Әсел Шілдебаева.
2022 жылы құрылған «Дара» президенттік бастамалар қорының қызметі креативті секторды дамытуға, қазақстандықтардың шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.