Қазақстанда су басқан елдімекендерден 400 астам адам эвакуацияланды

Қазақстанда 27 наурыздан бері әртүрлі өңірлерде су басқан ауылдар мен елдімекендерден 412 адам эвакуацияланды.

«Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының су басқан елді мекендерінен 412 адам эвакуацияланды, оның ішінде 134 бала», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Қазіргі таңда Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жалпы алғанда 323 адам уақытша орналастыру пунктерінде қалған. Ақтөбе және Қостанай облыстарында 80 адам туыстарының үйіне кетсе, Түркістан облысында 9 адам өз үйіне қайтып оралған.

«Жұмылдырылған күштер мен құралдар Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстарындағы 145 жеке тұрғын үйден, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау облыстарындағы 46 аула аумағынан су сору жұмыстары жүргізуде», – деп хабарлады ТЖМ.

Құтқарушылар мен әкімдік өкілдерінің күшімен 122 мыңнан астам текше метр еріген су сорылып, 24 мыңнан астам қап және 47 670 тонна инертті материал төселді.

Республикалық және облыстық жедел штабтар, сондай-ақ «Жедел желі» телефондары жұмысын жалғастыруда: ТЖМ 8 717 2 70 41 14, Ақтөбе облысы ТЖД 8 713 2 54 86 57, Батыс Қазақстан облысы ТЖД 8 711 2 55 40 88, Қостанай облысы ТЖД 8 714 2 50 19 60, Ақмола облысы ТЖД 8 716 2 52 55 14.

Оралда ТЖ жарияланды
Еске салайық, еліміздің өңірлерін су басып жатыр. Оралда көшелерді су басып, қала әкімі Миржан Сатқанов жергілікті төтенше жағдай жариялады.

«Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанованың 2024 жылғы 26 наурыздағы қаулысы бойынша, қалада жергілікті табиғи төтенше жағдай жарияланды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандарды еріген жаңбыр суы басты. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.

Бұған дейін Орал қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияланғанын жазған едік. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының әкімі Миржан
Сатқановқа қатаң сөгіс жариялады.

Облыс басшысы тасқын судың алдын алу бойынша облыстық жедел штабтың отырысын өткізген. Сонда жергілікті атқарушы органның су тасқыны кезіндегі жұмысына көңілі толмаған Төреғалиев әкімдігіне дейін су басып кеткен шаһар басшысына сөгіс жариялаған.

Аягөз ауданында жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жарияланды
Ал Абай облысының Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жариялады. Оған себеп, су тасқыны кезінде көпір шайылып құлаған. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр. Бұл жайлы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аягөз ауданында жергілікті маңызы бар «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпірдің жол төсемі шайылып кетті. Қазіргі уақытта көпір арқылы көлік қатынасы тоқтатылған. Сонымен қатар, басқа айналма көлік жолдары арқылы елді-мекенмен байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен бірге қазіргі таңда әкімдік пен жергілікті құтқарушылар суға кеткен үш адамды іздестіріп жатыр.

Жедел желі іске қосылды
ТЖМ өңірлердегі су тасқынына байланысты жедел желілерді іске қосып, тұрғындарды эвакуациялап жатыр.

Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынына байланысты жедел желілер іске қосылды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен тәулікте құтқарушылар әкімдіктермен бірігіп, шамамен 60 мың текше метр еріген су сорған. Ал су көтерілген жерлерге үш мыңнан астам құм салынған қап төселген.

«Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ, тартылған ұйымдардың күштері мен құралдары: жеке құрамынан шамамен 2500 адам, 700-ге жуық бірлік техника, 290-нан астам бірлік су айдау және жүзу құралдары жұмылдырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге құтқарушыларға 52859, 20982 әскери бөлімдерінің сарбаздары көмекке келген. Олар су басу қаупі жоғары Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында су тазалаумен айналысып жатыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated