Өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды Aqnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары қызметіне Ғабит Садырбеков тағайындалды.
Ғабит Амангелдіұлы Садырбеков 1978 жылғы 3 маусымда Ақмола облысында туған. 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Ол 2001-2017 жылдары прокуратура органдарында, 2017-2020 жылдары банк саласында қызмет еткен. 2020-2021 жылдары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі болған. 2021 жылғы 2 наурыздан 2022 жылғы 8 қаңтарға дейін – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі аппаратының басшысы болды. 2022 жылғы 8 қаңтардан қазіргі уақытқа дейін – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары лауазымында болды.
Үкімет қаулысымен Мақсат Қайыржанұлы Қалиақпаров пен Сәтжан Әйтенұлы Аблалиев көлік вице-министрлері, Ерболат Рахметұлы Мұқаев – ҚР Көлік министрлігі аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Мақсат Қалиақбаров 1980 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы «ҚР ПІБ МТҚ базасы» РМК кеден мәселелері жөніндегі маманы болып бастаған. Әр жылдары коммерциялық құрылымдарда; Ақтау халықаралық теңіз сауда портында; Көлік және коммуникациялар министрлігінде түрлі қызметтер атқарды. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — «Электрондық қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Сәтжан Аблалиев 1970 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Алматы автомобиль-жол институтын және Қазақ қатынас жолдары университетін бітірген. Еңбек жолын 1987 жылы Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы Орталық инженерлік-техникалық қызметінің операторы болып бастаған. 1996 жылдан 2004 жылға дейін Қазақ көлік және коммуникация академиясында жұмыс істеді. Көптеген жылдар бойы Көлік және коммуникация; Инвестициялар және даму; Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің құрылымында қызмет атқарды. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
Ал Ерболат Рахметұлы Мұқаев ҚР Көлік министрлігі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды. Ол 1961 жылы Орал облысында дүниеге келген. Гурьев педагогикалық институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген. Алғашқы жұмыс орны Қараөзен орта мектебі болды. Ұзақ жылдар білім саласында, ішкі саясатта, аудан басшылығында, Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде қызмет етті. Сенаттың төрт шақырылымының депутаты болды. 2021 жылдан — Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аппаратының басшысы.
Оған қоса, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде де үш вице-министр тағайындалды.
Тимур Қарағойшин өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі қызметіне тағайындалды. Ол 1961 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы сәулет-құрылыс институтын, Технология, құрылыс, бағалау және сапаны басқару университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1978 жылы бастаған. Ол жылжымалы механикаландырылған колонналардың шебері, прорабы болды, Сәулет-құрылысты бақылау бюросын басқарды. Құрылыс істері комитетінің Батыс Қазақстан облыстық орталығының директоры болып жұмыс істеді, БҚО әкімдігінде департаменттер басқарды. 2005-2007 жылдары — Орал қаласы әкімінің орынбасары. 2023 жылдың сәуір-тамыз аралығында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік құрылыс инспекторы қызметін атқарды. 2023 жылғы тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болды.
Азамат Бейісбеков ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі қызметіне тағайындалды. 1985 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Әр жылдары А. Бейісбеков Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде, Премьер-Министр Кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде, Қауіпсіздік Кеңесінде жұмыс істеді. 2022 жылдан 2023 жылға дейін — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппаратының басшысы. 2023 жылдың ақпанынан бастап қазіргі уақытқа дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметін атқарды.
Сонымен бірге, Иран Шархан өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі лауазымына тағайындалды. Иран Шарханұлы Шархан 1987 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін бітірген. Әр жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы маркетинг бойынша маман, сарапшы, Мемлекеттік сатып алу басқармасы бас сарапшысы болып жұмыс істеді. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Мемлекеттік сатып алу басқармасын басқарды. 2020-2021 жылдары – Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ҚПҚ бойынша жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болды.
Қазақстан Республикасы энергетика вице-министрі лауазымына Бақытжан Нәссенұлы Ілияс тағайындалды.
Бақытжан Ілияс 1982 Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында дүниеге келді. Қазақ гуманитарлық заң университетін. РФ Президентінің жанындағы ауылшаруашылық және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 2000 жылы электр құралдарын шығарушы компанияда есепші болып бастады. Ол ұзақ жылдар бойы электр энергиясын өндіру мен бөлуге мамандандырылған коммерциялық құрылымдарда және тау-кен кәсіпорындарында жұмыс істеді. Әртүрлі жылдарда ішкі аудит басшысы, директор орынбасары, басқарушы директоры, бірінші басшының көмекшісі қызметін атқарған. 2019 жылы «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 2019-2022 жылдары — «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ-ның басқарма төрағасы. 2022-2023 жылдары — «Қазақстан цифрлық энергетика қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, бұл аптада «Самұрық-Энерго» АҚ басшылық лауазымдарында бірқатар ауыс-түйіс болды.
«Самұрық-Энерго» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры лауазымына Алмасби Камалов тағайындалды. Ол 2021 жылдан бастап ұйымдағы «Стратегия және экономикалық талдау» департаментінің директоры болып жұмыс істеген. Алмасби Низаметдинұлы 2010 жылы Қазақстан Менеджмент, экономика және болжау институтын (КИМЭП) бітіріп, іскерлік әкімшілік және бухгалтерлік есеп бакалавры дәрежесін алған. 2018 жылы Almaty университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі уақытта Warwick университетінде (Ұлыбритания) MBA бағдарламасы бойынша білімін жалғастыруда. CFA II деңгейлі кәсіби біліктілігі бар. А. Камалов еңбек жолын 2011 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес ұйымдарында: «Алматы электр станциялары» АҚ және «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-да бастаған. Ал 2014 жылдан бастап «Самұрық-Энерго» АҚ Стратегиялық жоспарлау және экономикалық талдау департаментінде еңбек жолын жалғастырып, бас менеджерден басқарушы директорға дейін көтерілген.
«Самұрық-Энерго» АҚ Құқықтық қамтамасыз ету және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметіне Нұрлан Жапарханов тағайындалды. Бұған дейін ол «Qazaq Green Power PLC» қоғамдық компаниясының Құқықтық қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры болған. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Тұран» университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын «NarOil» ЖШС-де заңгер болып бастаған. Кейін «Қазтелерадио» АҚ, «СОП Күзет» АҚ, «Масло-Дел» ЖШС, «Самұрық-Энерго» АҚ-да түрлі қызметтер атқарды. Жалпы еңбек өтілі 19 жылдан асады, оның ішінде 10 жылдан астам уақыт басшылық қызметте еңбек еткен.
Сонымен бірге, Аңсар Айдаров «Самұрық-Энерго» АҚ Инвестициялар жөніндегі бас директоры болып тағайындалды. Ол бұған дейін «Самұрық-Энерго" АҚ жобалық кеңсесінің басшысы қызметін атқарған. Аңсар Айдаров әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша және Гуманитарлық-техникалық академияны «Экономика және бизнес» бағыты бойынша бітірген. 2008 жылы Д. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясында «Құқықтану магистрі» дәрежесін алған. 2013 жылы энергетика саласына «Жетісу энергиясы» ЖШС-ға келді, онда 7 жыл бойы компанияның басқарушы директоры және бас директоры болып жұмыс істеген. Содан кейін «Самұрық-Энерго» АҚ-да инвестициялық жобаларды іске асыруға жауапты бөлімше басшысы лауазымында болған.
Өңірлерге келсек, Алматы қаласының прокуроры лауазымына аға әділет кеңесшісі Серік Ақмырзаұлы Кәріпбеков тағайындалды.
Серік Кәріпбеков 1973 жылы туған, білімі жоғары, Түркия Республикасының Ыстанбұл университетін бітірген. Прокуратура органдарындағы қызметін 2000 жылы Павлодар облысы Ақсу қаласы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Ол бірқатар жауапты қызметті атқарды, соның ішінде бөлім және басқарма бастығы, Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары болған. 2020 жылдың маусымынан бастап Бас прокуратураның Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметінің және жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы болып жұмыс істеді.
Бұған дейін Алматы қаласының прокуратурасын басқарған Берік Жүйріктаев Павлодар облысының прокуроры болып тағайындалды.
Берік Жүйріктаев — «Тұран» университетінің түлегі. Прокуратура органдарындағы қызметін 1999 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Осы жылдары Алматы облысы Панфилов ауданының прокуроры, Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары қызметін атқарған. Облыс прокурорының міндетін атқарушы Серік Кәріпбеков керісінше оңтүстік астанаға қызметке аттанады. Ол Алматы қаласының прокуроры болып тағайындалды.
Ақмола облысы Полиция департаменті бастығы болып полиция полковнигі Нұрсұлтан Мұқашев тағайындалды.
Н.Мұқашев 1977 жылы 22 шілдеде Қарағандыда дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1998 жылы Қарағанды облысы ІІБ анықтау бөлімшесінің анықтаушысы қызметінен бастады. Ол Қарағанды облысының Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында түрлі лауазымдарда болған. 2010-2020 жылдары Қарағанды қаласы ІІБ Михайлов полиция бөлімін, Саран қаласы ІІБ, Қарағанды қаласы ПБ, Шахтинск қаласы полиция бөлімін басқарды. Сондай-ақ Астана қаласы полиция департаменті бастығының орынбасарын лауазымында болған. Бұған дейінгі лауазымы – Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары.
Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Нұрлыбек Жеңісбекұлы тағайындалды.
Нұрлыбек Жеңісбекұлы 1988 жылы туған. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін бітірген. РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясынан халықаралық қатынастар магистрі дәрежесін алған. Президент жастар кадр резервінің мүшесі. Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан» телеарнасында тілші болып бастаған.
Әр жылдары облыстық және республикалық телеарналарда редактор, сарапшы қызметін атқарған. 2013-2017 жылдар аралығында Шымкент қаласы және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдерінің баспасөз хатшысы, кеңесшісі болған. 2017 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы, 2018 жылы Энергетика министрлігі Стратегиялық және ақпараттық даму департаменті директорының орынбасары, 2020-2022 жылдары аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2022 жылдың ақпан айынан осы тағайындауға дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпарат комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
«Атырау» телеарнасының директоры болып Талғат Өтеғұлов тағайындалды.
Талғат Өтеғұловтың жасы 44-те. Ол Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Саладағы еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстан» РТРК Ақтөбе филиалында жаңалықтар қызметінің тілшісі, диктор болып бастаған. Содан соң «Хабар» агенттігінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі қызметін 6 жыл атқарған. Атырау облысындағы мұнай-сервис компанияларында қоғаммен байланыс бөліміне жетекшілік еткен. Бірқатар продакшн-студияларды құрған. 2020 жылдан осы кезге дейін жергілікті Caspian News телеарнасының продюсері болған. Осы телеарнада жаңалықтар қызметі мен тақырыптық бөлімнің шеф-редакторы міндетін қоса атқарып келген.
«Қазақстан» РТРК Атырау облыстық филиалын 2022 жылдың ақпанынан бері Гүлвира Бекқұлиева басқарған еді. Ол атқаратын қызметінен өз еркімен босату туралы өтініш берген.
Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымына Берік Жамалбеков тағайындалды.
Берік Жапарұлы Жамалбеков 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Білімі бойынша – құқықтану магистрі, ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, РФ Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 24 жылды құрайды. 1998 жылғы желтоқсаннан бастап Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша салық басқармасында салық инспекторы, жетекші салық инспекторы, бас маман, бөлім бастығы болып жұмыс істеген.
Ол 2010 жылғы қыркүйектен Алматы қаласы бойынша салық департаменті мәжбүрлеп өндіру басқармасы және салық аудиті басқармасы бөлімінің бастығы, 2011 жылғы қыркүйектен Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша салық басқармасында бөлім бастығы, бөлім басшысы болып жұмыс жасады. 2013 жылғы тамыздан бастап Алматы қаласы бойынша салық департаменті ҚҚС әкімшілендіру бөлімінің басшысы, Акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы болды. 2014 жылғы қарашадан Алматы қаласының Бостандық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы акциздерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы, басшының орынбасары, Алатау және Алмалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларының басшысы болды. 2021 жылғы маусымнан бастап Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарған.
Маңғыстау облысы әкімінің жаңа орынбасары болып Звира Есбергенова тағайындалды.
Звира Есбергенова Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» және «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Сондай-ақ, МВА бағдарламасы бойынша магистратурада оқыған. «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша «Almaty Management University» НОУ Экономика жоғары мектебінде білім алған.
Звира Есбергенова 1987 жылы Маңғыстау облысының Сай-Өтес бекетіндегі № 84 орта мектебінің аға пионер тәлімгері болып бастаған. 1993 жылдан 2003 жылға дейін Маңғыстау облысының білім беру саласында жұмыс істеді, өңірдің жалпы білім беретін, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы лауазымдарын атқарды. 2003-2007 жылдары Маңғыстау облысы ішкі саясат департаментінің талдау және мониторинг бөлімінің басшысы, 2007-2008 жылдары Маңғыстау облысының ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, 2008-2009 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратының әлеуметтік-мәдени бөлімінің меңгерушісі, 2009-2010 жылдары Маңғыстау облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары, 2010 жылдан 2012 жылға дейін – «ҚазМұнайГаз «Барлау Өндіру» АҚ Жедел басқару тобының әлеуметтік жұмыс және қоғаммен байланыс секторының атқарушы органдарымен байланыс жөніндегі талдаушы болған.
Сондай-ақ, 2012-2013 жылдары – «Маңғыстау облысы әкімдігінің талдау орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, 2013 жылдан 2014 жылға дейін – «Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің өңірлік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, 2014 жылдан 2017 жылға дейін - Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының басшысы, 2017 жылдан 2018 жылға дейін - Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы. 2018-2022 жылдары – «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін - Маңғыстау облысы әкімі аппаратының хаттамалық тапсырмаларды бақылау бөлімінің меңгерушісі болған.
Шымкент қаласы әкімінің өкімімен қала әкімдігі аппаратының басшысы болып Ержан Сейтенов тағайындалды.
Ержан Іргебайұлы Сейтенов 1974 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі, құқықтану магистрі. Еңбек жолын 1990 жылы Жаңақорған темір-бетон конструкцияларын өндіретін кәсіпорында жұмысшы болып бастаған Ержан Іргебайұлы жеке секторда жауапты басшылық қызметтер атқарды. Ол 2016-2021 жылдар аралығында Алматы қаласының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, жасыл экономика, тұрғын үй саясаты басқармаларының басшысы болды, 2021-2023 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарған.