Қазақстанда алғаш рет Аналар күні тойланып жатыр

Аналар күні — әлемнің көптеген елдерінде анаға құрмет көрсетіп, оның мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында атап өтілетін маңызды мереке. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі еліміздегі жаңа мерекеге шолу жасады.

Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде әлемнің 20-дан астам елінде тойланады. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия бар.

Ал бұлардан бөлек елдер бұл мерекені басқа күні атап өтеді. 2024 жылы бұл мереке Қазақстанда 12 мамырда алғаш рет тойланып отыр.

Ананы қорғау — мемлекеттегі әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі.

«Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз „Жер-ана“, „Отан-ана“ ұғымдарымен тығыз байланысты. „Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді“ дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар», — деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біздің отбасылық өмірімізде де, қоғамдық өмірімізде де ананың рөлі ерекше, ол балаларын тәрбиелеп, бағыт-бағдар береді. Ананың еңбегі әрдайым жоғары бағаланады.

Жалпы, Аналар күнін мерекелеу ананың қоғамдағы рөлін арттыруға, әр азаматтың ата-анасына құрмет көрсетіп, алғыс айта білуге тәрбиелеу, жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, отбасы институтын сақтауға және нығайтуға бағытталады.

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated