Соңғы жылдарда Қазақстанда АЭС салу мәселесі жиі көтерілетін болды. Әрі Қазақстанда Атом электр стансасын салуға Ресей айырықша ынталы. Қазақстандық билік те бұған кет әрі емес, оң иығын беріп тұр. Билік қоғамдық жұртшылықтың наразылығын ескере отырып «Мәселені зерттеу керек, қайда салынатындығын анықтау керек» деген тәрізді алдарқату амалын қолдануда. Арнайы құрылған Үкіметтік комиссия 2014 жылы АЭС салатын екі орынды анықтады. Бірі Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы болса, екіншісі Алматы облысындағы Балқаш бойына орналасқан Үлкен ауылы. Құрылыс 3-5 млрд долларға түседі деп белгіленілген. Ресейдің мақсаты белгілі – Қазақстанды уыстан шығармау. Ал біздікілерге не жорық?!
Рас, әлемде бұрын АЭС энергетикалық тығырықтан шығаратын бірден бір жол ретінде танылған. Алайда Чернобыль мен Фукусима-1 стансаларындағы апаттан соң бүкіл әлем ядролық энергетикадан бас тартып, қуат көздерінің қайталама түрлеріне яғни Жел мен Күн энергетикасын пайдалануға басымдық бере бастады. Бұрын әлемде 31 мемлекет АЭС қуатын пайдаланса қазір одан бас тарту құбылысы етек алып барады.
Ең алдымен Италия өз еліндегі барлық АЭС-ті пайдаланудан бас тартты. Оған ілесе Бельгия, Германия, Испания, Швейцария, Тайвань ядролық энергетикадан біртіндеп бас тарту саясатына көшті. Нидерланды мен Шведия да атом энергетикасынан безіп отыр. Австрия, Куба, Ливия, КХДР, Польша экономикалық, немесе техникалық себептермен ядролық энергетика жоспарларын үзіп, АЭС құрылыстарының басталған жұмыстарын тоқтатты. Әлемде 440 ядролық реактор болса қазір соның 164-і жабылды.
Бұрын ядролық энергетикасы мүлде болмаған, АЭС салуды енді ғана көздеп отырған Австралия, Азербайджан, Гана, Грекия, Грузия, Дания, Ирландия, Латвия, Лихтенштейн, Люксембург, Малайзия, Мальта, Жаңа Зеландия, Норвегия, Португалия, Филиппин елдері ядролық жобаларын кері ысырып, сала бастаған АЭС құрылыстарын тоқтатты. Атом энергетикасы саласындағы АҚШ, Ұлыбритания, Франция мен Германия сияқты көшбасшы елдер өз елдеріндегі АЭС санын қысқартуды бастады. МАГАТЭ-нің болжамдарына қарағанда ядролық қуат өндірудің шырқау шыңы 2006 жылдан кейін жаһандық энергетика өндіруде ядролық үлес 17 пайыздан азайып, біртіндеп 6 пайызға түседі деп күтілуде.
Міне, осындай әлемдік деңгейде ядролық қуат көздерінен бас тарту үрдісі белең алған тұста Қазақстан билігінің АЭС салуға мүдделі болуы таң қалдырады. Сөз жоқ, бұл жерде Ресейдің мүддесі жоқ деп айта алмайсың.
Белгілі энергетик әрі экономист, KEGOC-тың экс-басшысы Әсет Наурызбаев: «Қазақстанға төніп тұрған электр қуатының тапшылығы жоқ!» дейді. Қазіргі таңда еліміздің энергетикалық жүйесі негізінен көмір, газ және су электр стансаларынан тұрады. Қайталама энергия көздерінің қуаты небары үш пайызды ғана құрайды. Жел және Күн энергетикасының дамуына бізде мүмкіндік орасан. Ең арзан қуат көзі – Күн! Әлбетте, электр қуатына сұраныс өсе түсетіні анық. Егер біз қайталама қуат көздерінің мөлшерін 15 пайызға жеткізсек Атом электр станасасының қажеті болмай қалады.
Қызық болғанда Қазақстан Үкіметінің 2030 жылы қайталама энергия көздерінен алынатын қуат мөлшерін 30 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткіземіз деген жоба-жоспары да болған. Осындай дені дұрыс бағыт тұрғанда Үкіметтің АЭС салуға ойысуы бұл ең алдымен Ресейдің көңілінен шығуға деген құлдық психологиядан туындаса керек. АЭС салынатын болса оны әрине Ресей салады. Оны салатын да, кейін қызмет ететін де ресейлік мамандар болады. Бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігі үшін өте қауіпті. АЭС тұтқасын экспансиялық пиғылы басым доссымақ елге ұстату Қазақстан тәуелсіздігімен қоштасу деген сөз.
Шын мәнінде көріп отырғандарыңыздай, Қазақстанда АЭС салудың мүлде қажеті жоқ! Бар болғаны баламалы энергия көздерінің, Жел және Күн энергиясының орасан мүмкіндіктерін ұтымды пайдалансақ жетіп жатыр.
Марат Бәйділдаұлының Фейсбуктегі парақшасынан
Aqnews.kz