Лара Алейшоның есімі отандық тыңдармандарға Димаштың орындауындағы «Ұмытылмас күн» әнін қазақ және ағылшын тілінде нақышында шырқап шыққандығымен таныс. Бұл оның елімізде өткен «Voice оf Nur-Sultan» және «Voice of Turan-2023» фестивальдеріне қатысуына жол ашты.
Мариям Жагорқызының иірімі күрделі «Дудар-ай», Қазыбек Құрайышпен бірлесе айтқан «Таптым-ау сені» әндері португал қызын талғамы биік әнсүйер қауымға тіптен жақындата түсті. Қазақстан мен Португалия арасында мәдени көпір орнатқысы келетін арумен Nege.kz порталындағы әріптестеріміз тілдесіп көрді.
– Лара, сіз қазақ тілінде ән айту арқылы қазақстандық тыңдарманға жақын танылдыңыз. Біздің елдің мәдениетімен қалай таныс болдыңыз?
– Мен Қазақстанның аса бай мәдениетімен Димаш арқылы таныстым. Оның YouTube-тен ән шырқағанын көріп, дауысының диапазонына таң қалдым. Содан бастап қазақ мәдениетін танып-білуге құштарлығым артты. Сөйтіп, желі арқылы Қазақ деген өнерлі халықтың өзге де таланттарымен жақынырақ таныса түстім.
– Қазыбек Құрайышпен ән айтып шыққаныңыз көпті сүйсінтті. Таныстықтарыңыз қалай басталды?
– Қазыбекпен «Voice of Turan 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалінде таныстым. Бізді дуэтте біріктірген шараны ұйымдастырушылар болды. Осылайша бірге көптің көңілінен шыққан «Таптым-ау сені» әнін селбесе шырқадық.
– Димаштың әнін орындап шыққаныңызды көрген жұрт сіздерден дуэт күтіп еді...
– Диамшпен дуэт айту кез келген әншінің арманы ғой. Солардың қатарында мен де бармын.
– Желідегі парақшаңызға Қазақстаннан жазатындар көп екен. Хабарыңыз бар болар?
– Әрине, инстаграм парақшамда қазақстандықтар жазған пікірлердің барлығын дерлік оқып отырамын. Бұл менің өзімді өнер жолында қамшылауыма көп мотивация береді.
– Олардың дені біздің елге келін болғаныңызды қалайтын көрінеді. Бұл мүмкін бе?
– Иә, ондай мазмұндағы хаттардың шет-жағасын көзім шалды. Қазаққа келін болғым-ақ келеді, бірақ сөз байласқан сүйіктім бар.