"Асыл мекен" ипотекасы пилоттық жоба түрінде іске қосылды.
Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Ауыл тұрғындарына арналып іске қосылған "Асыл мекен" тұрғын үй бағдарламасы туралы айтты. Бұл бағдарлама пилоттық жоба түрінде жұмыс істейді.
"Ауылдық жерлердегі тұрғындардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін мемлекет тарапынан кешенді жұмыс жүргізілуде және жан-жақты қолдау шаралары қабылдануда. Мәселен, "Отбасы банк" АҚ ауыл тұрғындарының сұранысы мен қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында "Асыл мекен" пилоттық бағдарламасы іске қосады. Оның шеңберінде ауылдық елді мекендердің тұрғындары жылдық 5%-бен бастапқы жарнасы 10%-дан басталатын жеңілдікті ипотека ала алады", – деп жауап берді Серік Жұманғарин.
Еске салайық, "Отбасы банк" АҚ "Асыл мекен" пилоттық бағдарламасы 5 маусымда басталғанын хабарлады. Банк хабарламасына сәйкес, бұл ипотека 18 бен 70 жас аралығындағы қазақстандықтарға арналған. Тұрғын үйді тек ауылдық елді мекендерден алуға болады.
Бағдарламаның шарттары:
Несиенің ең жоғары сомасы – 10 млн теңге.
Несиенің мерзімі – 8 жылға дейін.
Кредит бойынша мөлшерлеме – 5% (ЖТСМ 5.2%-дан 5.8%-ға дейін).
Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%.
Ипотека беруде соңғы 5 жылда тұрғын үйі болмағандарға және "Отау" мен "Наурыз" ипотекалық бағдарламалары бойынша өтінімі барларға беріледі,-деп хабарлайды Informburo.kz.
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурызда ауыл мен аудан халқына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алуды тапсырды.