Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында республика бойынша «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бүгін аталған іс-шара барысында Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының маңайы мен ғұлама ғалымның ескерткішінің айналасы тазартылып, абаттандырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астанада 117 ескерткіш бар, оның 46-сы мемлекеттік қорғауға алынған. Олардың үшеуі республикалық, қалған 44-і қала деңгейінде, яғни жергілікті маңызы бар ескерткіштер болып саналады. Акция басталғалы күніне 7-8 ескерткіштің маңайын қоқыстан тазартып, қалыпқа келтіру жоспарланған.
Бүгінгі экологиялық акцияға Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы мен Жастар сарайының 80-ге жуық қызметкері қатысты. Олар ескерткіш маңайы мен ғимараттың айналасын сыпырып, қоқыстарды жинады.
Акцияға қатысқан Әйгерім Жиенбаева мұндай шаралардан ешқашан шет қалмайтынын айтты.
«Сенбілік болсын, басқа да бұқаралық шаралар болсын әрдайым белсенді қатысып жүремін. Бүгінгі акцияға керемет көңіл-күймен келдік. Қала тұрғыны ретінде тұрып жатқан жеріміздің тазалығына, реттілігіне үлес қосып жатырмын деп есептеймін. Алдағы тазалық шараларына да міндетті түрде қатысамын», - деді ол.
Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» МКҚК директорының орынбасары Самат Тергембаевтың айтуынша, акцияға қатысушылар белгіленген орындарды қоқыстан тазартады. Ал ескерткіштерді жуумен тек арнайы мамандар айналысады. Өйткені ескерткіштерді күтіп ұстаудың, жуудың тәртібі бар, әрі химиялық заттарды қолданудың ерекшеліктері ескерілуі тиіс.
«Ескерткіштер ерекше күтімді қажет етеді, оларды сумен, басқа да химиялық реактивті заттармен жууға болмайды. Ескерткіш жасалған материалды қараймыз. Мысалы, Әл-Фараби мүсіні мыс аралас қоладан жасалған. Сондықтан оны тек балауызбен тазартамыз. Шаң-тозаң қонбауы үшін май да жақпайды. Әдетте көктем мен күзде мамандар ескерткішке балауыз жағып, тиісті шараларды атқарады. Осындай акцияларды пайдаланып, қатысушыларға ескерткіштің тарихы және оны мамандар қалай күтіп ұстайтыны туралы да айтылады. Әрі бұл қасиетті орын екенін, оған құрметпен қарау қажеттігін түсіндіреміз. Тазалық акциясына келген әр адам үйіне оралғанда елордамызда осындай көрікті орындар бар екенін, оның мәні мен маңызы туралы айтып жүрсе деймін», - деді Самат Тергембаев.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясына депутаттар, шағын және орта бизнес субъектілері, екінші деңгейлі банк қызметкерлері , оқу орындары студенттері, еріктілер мен қала тазалығына бей-жай қарамайтын азаматтар қатысқан болатын.
Астанада ауқымды экологиялық науқан жалғасуда. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұл апта «Киелі мекен» деп аталады.
«Жасыл аймақ» деп аталатын үшінші апта ағаш отырғызу мен көшеттерді әктеуге арналады.
4 мамырға дейінгі уақыт – «Өнегелі ұрпақ» деп аталады. Бұл апталық ардагерлер тұратын аулалар мен қарттар үйінің аумағын тазалауға және абаттандыруға арналған.
«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы бесінші аптада өзен-көлдердің маңайы қоқыстан тазартылады.