"Қатты аяз бен аштан қырылған". Ұлытау тұрғындары жылқы өлекселерін жинап жатыр

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында мал өлекселерін тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта әр ауылдық округтің әкімдіктері мен шаруа қожалық иелері және ауыл белсенділері біріккен арнайы жұмысшы топ құрылған.

"Бүгінгі таңда 1367 өлексе жиналды. Далада табылған жылқылардың иелерін және өлген мал басының санын анықтау жұмыстары әлі де жалғасады. Ветеринариялық-санитариялық қорытындыға сәйкес, жылқы малының індеттен емес, аштық пен қатты аяздың салдарынан өлгені нақтыланды", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, жылқы малы толық жеке меншік иелігінде. Сондықтан, оларды арнайы базаға тіркеу, жем-шөп қорын даярлау, оларды бағу сияқты жұмыстар мемлекеттік орган құзыретіне кірмейді. Жем-шөп шығынын қайтару үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да әркім арнайы жүйеге (базаға) кіріп, ЭЦҚ арқылы жергілікті әкімдіктің қатысуынсыз сұраныс бере алады.

"Келеңсіз жағдай орын алысымен тиісті жұмыстар жүргізу мақсатында арнайы аудандық штаб құрылып, тиісті мекемелер, кент, ауылдық округ әкімдері мен кәсіпорындар және кәсіпкерлер бірлескен шараларды дереу қолға алған. Шығынға ұшыраған мал санын анықтау, шаруа қожалықтарына жылқыларды тиісті орындарға жеткізіп алу үшін материалдық-техникалық көмек көрсету, жем-шөп бағасын тұрақты ұстап тұру жұмыстары атқарылды", – деп хабарлады облыс әкімдігі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated