Астана қаласындағы зейнеткерлерге арналған орталыққа 50-ге жуық волонтер ата-әже жұмылдырылған. Олар волонтерлік қызметтің 20-дан астам түрін көрсетеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінде еріктілердің бастамасымен «Ұрпаққа аманат», «Көркем сөз және поэзия», «Интеллектуалды ойындар» және «Super Velo star», «Пэйчворк» клубтары жұмыс істейді. Клуб жетекшілері өз замандастарына ақысыз үйірме жұмыстарын жүргізеді. Қолөнермен айналысатын волонтер әжелер болса, мектеп оқушылары мен студент қыздарға кілем тоқу, құрақ құрау, кестелеуден шеберлік сабақтарын ұйымдастыруда.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қол өнермен айналысатын волонтерлік үйірме жұмыстары жақсы дамыған. Әсіресе, ұлттық нақышта киім үлгілерін тігетін Сарыарқа ауданындағы сәнқой әжелерді ерекше атап өткім келеді. Ерікті әжелеріміз өздерінің жеке уақыттарымен санаспай, ұлттық мәдениетімізді дәріптеп жүр. Сол сияқты тіл үйрету, вокал, домбыра, гитара, би, ұлттық ойын, волейбол, кун-фу, теннис сияқты әртүрлі бағытта тер төгіп жүрген зейнеткерлер бар. Орталықта 20 зейнеткер-волонтер үйірме жұмыстарын ашып, егде жастағы адамдардың игілігі үшін жұмыс істеуде», - деді Орталық қызметкері Қымбат Тасымова.
Қаладағы ерікті зейнеткерлер қайырымдылық іс-шараларға жиі тартылады. Мәселен, Нұра ауданының «Күміс еріктілер» клубының мүшелері «Шарапат» қарттар үйінде концерттер, «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қайырымдылық акцияларын өткізіп, сенбілік жұмыстарына да белсене атсалысады. Бос уақыттарында «Күміс еріктілер» клубының әжелері мүмкіндіктері шектеулі балаларға арнап киім-кешектер тоқып, қолдан сыйлықтар жасайды. Құрамы 20 адамнан тұратын «Күміс еріктілер» бастамасына Нұра ауданы бойынша БҰӨСО-ның маманы Ләззат Утегулова жетекшілік етеді.
«Зейнеткерлер тарапынан еріктілер клубын құру оңайға соққан жоқ. Волонтерлік - жүрек қалауымен атқарылатын іс. Алдымен волонтер болуға ниет білдірген ата-әжелерді жинай бастадым. 2022 жылы «Күміс еріктілер» клубын құрдық. Қазіргі уақытта зейнет жаста жүрсек те, қолдан келгенше қоғамға пайдамыз тисе дейсің», - деді еріктілер бастамасының жетекшісі Ләззат Дүйсебайқызы.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын өкілдері волонтерлікке студент жастарды баулуда. Жастардың көмегімен ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық сабақтары тегін жүргізіледі.