Астанада алдағы демалыс күндері кезекті ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Оған Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруалары қатысады, деп хабарлайды Aqnews.kz
Елорда әкімдігінің мәліметіне сәйкес, жәрмеңке 14 және 15 қазанда сағат 9:00-18:00 аралығында Тәуелсіздік даңғылы, 50 мекенжайында орналасқан Өнер университеті ғимаратының өтеді.
Шығыс Қазақстан облысынан 9 ауданның, Солтүстік Қазақстан облысынан 13 аудан мен Петропавл қаласының агротауар өндірушілері қатысады.
ШҚО-дан 40-тан астам өнім түрі жеткізіледі. Оның ішінде: 49,2 тонна бал, 2 тонна шұжық өнімдері, 8 тонна сүт өнімдері, 16 тонна өсімдік майы, 3 тонна ұн мен жарма, 9 тонна балық, 29,8 тонна ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының еті, 4 тонна қымыз және ұлттық бұйымдар, 700 литр алкогольсіз сусындар және басқалар. Жалпы 244,5 млн теңге сомасына 123,2 тонна өнім ұсынылады.
Ал СҚО аграршылары елорда қонақтары мен тұрғындарына мынадай өнімдер ұсынады: 100 тонна ет, 495 тонна картоп пен көкөніс, 33 тонна сүт өнімдері, 120 мың дана жұмыртқа, 5 тонна балық, 10,5 тонна бал, 7 тонна шұжық өнімдері, 75 тонна ұн мен макарон өнімдері, 12 тонна басқа да өнімдер. Тауарлардың жалпы көлемі 733 тоннадан асады.
Жәрмеңкедегі бағалар әдеттегідей арзан болатыны мәлім етілді.