Астанада жаңа тоқсан басталғалы жалпы білім беретін мектептерде «8 минуттық оқу» деп аталатын жаңа жоба қолға алынды. Балалар бірінші сабақтың алдында күнделікті 8 минут уақытын кітап оқуға арнайды. 2 минут үзілістен соң сабақтарына кіріседі. Жоба ережесіне сәйкес, кітап қағаз форматта болуы керек.
Әдетте, сабақ басталар кезде немесе үзілісте соғылатын қоңыраудан бөлек, кітап оқуды бастау керегін білдіретін жеке қоңырау соғылады. Әуен үні естілісімен балалар кітаптарын шығарып, оқуға қамданады.
"Осы жоба «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына дөп келеді. 8 минуттық оқу жобасының мақсаты оқушыларды көркем шығарма оқуға ынталандыру, қалыптастыру және де таным көкжиегін кеңейту", - дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Нұржанова.
Жаңа жобаның оқушылар арасында кітап оқуды насихаттауда маңызы зор. Тың бастама «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қолға алынған.
Оқу жылының соңына дейін әр оқушы кемі 10 кітапты оқып шығады. Сосын әр кітапты оқып бітерген соң оны сынып болып талқылайды. 8 минуттық оқу жобасы аясында оқушыларға ұсынылатын кітаптардың мазмұндық құрылымы ұлттық сананы қалыптастыруға, адамгершілік қасиеттерді дәріптеуге, сонымен қатар, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Яғни, осы арқылы оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығы артады. Қоғамға деген көзқарасы өзгереді және сөйлеу мәдениеті қалыптасады.
Жоба аясында мазмұны жағынан алдын ала іріктелген әдебиеттер тізімінен кез келген кітапты оқуға болады. Туынды кәдімгі кітап болуы шарт. Жобаны ата-аналар қауымы да қуана қолдаған.
Мәселен, Жұмагүл Әбсеметова: "Мен мұны дұрыс жоба деп есептеймін. Өте орынды. Балаларыма айтып отыруға тырысамын және немерелеріме де кітап оқуды дәріптеп отырамын", - деді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ президенті Рауан Кенжеханұлы: "Өкініштісі, дәл қазір бізде сол оқу жағы және оқығанды түсініп, соны ауызша, жазбаша жеткізу жағы айтарлықтай төмен. Оны дәлелдеп отырған біздің ғана зерттеулер мен пікірлер емес. Оқу сауаттылығына қарайтын болсақ, бізде Қазақстандағы оқушылардың 64 пайызы орташадан төмен нәтиже көрсетіп жатыр. Сондықтан бізге қоғам болып, ел болып осы оқу сауаттылығына күш салу керек деп есептейді", - деді.
Жаңа жобаның берер тәлім мен тәрбиесі өте зор. Оны ұстаздар мен ата-аналар айтып отыр.
Зұлқарнай Ермұратұлы